Жақсылық қылсаң жасыр...

Express Qazaqstan

© ЭК

Қайырымдылықты әркім өз қал-қадірінше жасай алады. Ол үшін бай-дәулетті болу маңызды емес. Мұқтаж жанға қолғабыс жасау немесе қарияның қолдорбасын көтерісіп жіберу секілді қарапайым қадамдар да, өскелең жасқа үлгі боларлық іс.

Ал, қызылордалық Қайрат Игісінов үш жылдан бері Рамазан айының құрметіне бір күн жеке автобусымен жолаушыларды тегін тасымалдауды үрдіске айналдырған,-деп жазды "Экспресс К".

Ол өзінің бұл ісін жарнамалауды жөн көрмейді. Бізге дейін бірнеше БАҚ өкілдері әңгімеге тартқан екен. Алайда азғантай ғана қайырымды ісін мақтан еткендей болғым келмейді деп бас тартыпты. Бұл бастамаңызды жар салып жарияламағанмен, өскелең жасқа, жалпы қоғамға үлгі ету мақсатында насихаттайық деген ниетімізді білгеннен кейін, сұхбатқа келісті.

Қайрат Игісінов қоғамдық көлік жүргізгенге дейін бірнеше саланың басын шалған. Ең бастысы — еңбектен қашпайтынын байқадық. Мұнай саласында, көлік жөндеу орталығында тер төккен ол тіпті дәнекерлеу жұмыстарымен де айналысыпты. Әр тиынын маңдай термен, адалынан тауып үйренген азамат балаларына да тек жақсы қырынан үлгі боп жүрген жайы бар. "Бұл менің парызым", — дейді үш жыл қатарынан рамазан айында жолаушыларды тегін тасымалдап жүрген өз сұхбатында.

Қызылорда облысы Астана мөлтек ауданы мен Қызылжарма ауылы бағытында қатынайтын нөмірі 21-ші автобус иесінің бұл игілікті ісін құптап, қолдаушылар қатары да көбейіпті.

Мәселен, "Алдыңғы жылдары туған інімнен басқа ешкім ілеспеген болатын. Ал осы қасиетті айда өзіммен бірге жұмыс жасайтын 4 бауырым кезек-кезек жолаушыларды тегін тасымалдады. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлады. Себебі халықтың алғысын алудан асқан артық бақыт жоқ",- дейді ол.

© ЭК
© ЭК

5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, немере күтіп отырған көпбалалы әке Қайрат Игісінов дәстүрге айналдырған ізгілікті жұмысын жыл сайын жасауға әзір екенін айтты. Және басқаларды да жылына ең болмаса бір күнін сауапты, қайырымды істерге арнауға шақырды. Қарапайым көлік жүргізушісінің қоғамды ізгілікке бастайтын теңізге тамызған тамшыдай ғана үлесінің өз атын шығару үшін емес, шын ниетпен және жасырын жасап жүргені бізді де қуантты.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров