Жаңа үйді су басып, бірнеше пәтер бүлінді

Express Qazaqstan

Бейнеден кадр

Қатты жауын кезінде көпқабатты үйдің шатырынан сорғалаған су, ең төменгі қабаттағы пәтерлерге дейін жеткен.

Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы "Қарлығаш" тұрғын үй кешенін жаңбыр суы басып қалды. Тұрғындар нөсер салдарынан бүлінген пәтерлерінің видеосымен әлеуметтік желіде жаппай бөлісіп жатыр. Олардың айтуынша, 50 пәтерлі 7 қабатты үйдің шатыры бүлінген. Содан аққан су, бірнеше пәтердің ішін көл қылған. Сорғалаған су тұрғындардың дүние-мүлкін бүлдіріпті.

"Ең үстіңгі жетінші қабатта тұрамын, пәтерім қатты бүлінді. Қазір барлық бөлмем көл болып жатыр. Жаңбыр суы жарық шамының тоғынан сорғалап, үйдің қабырғаларын да зақымдады. Су жаңадан аға бастағанда дабыл қағып, әкімдікке, тиісті мекеменің барлығына хабарласып көмек сұрадық. Бірақ, ешкім келмеді. Енді шығынымды кім өндіріп береді? Қазір екі баламмен подъезде тұрмын. Үйге кіруге қорқамын, тоқ соғады ма деп. Свет бір жанып, бір өшіп тұр", — деді Қаламқас Шыныбаева.

Жаңбыр суы әбден әбігерге салған тұрғындардың айтуынша, көлге айналған көпқабатты үй мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған. Қолданысқа 2018 жылы ғана беріліпті. Содан бері айтарлықтай ақау байқалмағанымен, бүгінгі жауыннан бірнеше үй бір мезетте зардап шеккен. Тұрғындардың болжамынша, шатырдағы суағар құбыр бітеліп қалған. Соның салдарынан бүкіл үйді су басқан.

"Шатырды дұрыс жасамаған ба, не болғанын түсінбедік. Әлі де су тоқтаған жоқ. Ертең де жаңбыр жауады деп жатыр. Енді не болатынын білмейміз. Күндіз әкімдікке, төтенше жағдайлар қызметіне хабарластық. Ешкім жауап бермеді. Өзіміздің пәтер иелері кооперативі де, "мерекеде мазаламаңыздар" деп телефонын көтермей қойды. Осындайда көмектеспесе, ай сайын біз оларға не үшін ақы төлеп отырмыз? Бір бөлмелі пәтерімнің үй шығынына айына 2205 теңге төлеймін. Бұдан бөлек, сервистік қызмет көрсетуге әр шаршы метріне төлейміз, үйдің күрделі жөндеуі үшін деген тағы бар, оған да төлейміз. Бірақ еш көмек көрсетіп жатқан жоқ, ақшаны құр алып отыр", — деді Бейбіткүл Үскенбаева.

"Экспресс К" бұл мәселе бойынша Қарасай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Олардың айтуынша, су басқан үйдің тұрғындарына түнделетіп әкім барды. Қазір шығын көлемі мен ақаудың салдары анықталып жатыр. Қанша пәтер бүлінгені және ақауды кім ретке келтіретіні қосымша хабарланады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров