Шенеуніктер сертификаттарды сатып келген

Экспресс К

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Қостанай облысында кәсіпкерлерге фитосертификаттар заңсыз сатылып келген. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекциясының шенеуніктері әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды «ЭК»

Қостанай облысының прокуратурасы карантин кезіндегі фитосанитариялық бақылау және қадағалау заңдылығының сақталуына тексеру жүргізіп, кәсіпкерлердің құқығы бұзылғанын анықтады. Шенеуніктер фитосертификаттарды беруден негізсіз бас тартып, заңсыз тексерулер тағайындаған.

"Мысалы, "НПП-Инвент плюс" ЖШС ҚР аумағында тыйым салынған пестицидтерді сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған факті бойынша инспекция қызметкерлері кәсіпкерден сұрау жүргізіп, уәкілетті органнан тиісті тіркеусіз ақпарат сұраған. Сәйкесінше, қаулының күші жойылды және осыған ұқсас тағы бірқатар заңсыздықтарға жол берілген", –дейді Қостанай облысы прокуратурасының аға прокуроры Талғат Аханов.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге фитосанитарлық сараптамадан заңсыз өтуге міндеттелген фактілер анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекциясының басшысы әуелі ағаш материалдарын тасымалдаушылардан фитосертификат сұрайды. Кейін бұл қатарға астық, ұн, жемістер, көкөніс жеткізушілер қосылған. Салдарынан инспекция қызметкерлерінің жүктемесі көбейіп, 2020 жылдың өзінде зертханада 15 мыңнан астам сараптама жүргізілген.

Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында фитобақылаудан өту проблемалары туралы сауалнама жүргізген, бірақ олардан бірде-бір шағым түспеген.

"Бизнес өкілдері енжар. Мәселелерін айтпайды. Түсініксіз жағдай қалыптасуда. Прокуратура бұл мәселені көтермесе, кәсіпкерлер мұны әдеттегідей қабылдап жүре берер еді. Меніңше, негізгі себеп — олар өздерінің құқығын білмейді немесе сараптама қанша тұратыны қызықтырмайды. Оларға "айналып өту" оңай", — деп атап өтті Қостанай облысының кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Владимир Шакун.

Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, өз кезегінде, егер аймақ прокуратурасы материалдарды ұсынса, олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті аумақтық инспекциясындағы лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуына тексеру жүргізетінін атап өтті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров