Елорда әуежайы «Ashyq» қосымшасының жұмысын түсіндірді

Express Qazaqstan

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Қосымшаны толығымен іске қосу 12 мамырға жоспарланып отыр. Жолаушылар енді әуежайға тек QR-код арқылы ғана кіре алады.

Елорда әуежайының анықтама бөлімі "Экспресс К" басылымына 12 мамыр күні қосымша ресми түрде іске қосылатынын растады. Ал өзімен бірге смартфоны жоқ жолаушыларға күзет қызметі көмек көрсетеді.

— Жолаушының өзімен бірге смартфоны болмаса күзет қызметі ЖСН нөмірі арқылы оның статусын анықтайтын болады. Сондай-ақ қолында ПТР-тестінің нәтижесі бар жолаушы да әуежайға Ashyq арқылы ғана кіргізіледі. Айта кетерлік бір жайт, вакцина алмаған адам әуежайға кіргізілмейді деген ақпарат — жалған. Әуежайға жолаушының Ashyq қосымшасында көрсетілген статусы бойынша кіргізіледі. Яғни көк пен жасыл статустағы жолаушылар еш кедергісіз кіре алады, — деп хабарлады әуежайдың анықтама бөлімі.

Айта кетейік, кез келген адам өзінің статусын білу үшін смартфонына "Ashyq" қосымшасын көшіруі тиіс. Ары қарай ЖСН-ін енгізіп, тіркеуден өткеннен кейін http://ashyq.kz сайтына кіріп, төмен жағындағы QR-кодты сканерлеуі қажет.

Ал шетелдік жолаушылар үшін басқа жүйе қарастырылған. Әуежай қызметкерлері оның мәліметтерін арнайы планшет арқылы тексереді. Шетелдіктер өзімен бірге паспортын алып жүруі шарт.

"Қызыл" статус — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай статус иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.

"Сары" — байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруына рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.

"Көк" — ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғала алады.

"Жасыл" — жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.

"Экспресс К" басылымы еліміздегі өзге де әуежайларға хабарласып мән-жайды білмек болған. Алайда Ashyq қосымшасының ресми іске қосылу күні әлі белгіленбеген.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров