20-дан астам карантин шараларын бұзу дерегі анықталды

Express Qazaqstan

Бейнеден кадр

Дәмханалар мен мейрамханалар белгіленген уақыттан артық жұмыс істегені былай тұрсын, топ болып келген адамдарға қызмет көрсетуін жалғастырған. Қызметкерлер бетперде кимей, жұмыс істеген.

Алматыда мониторингтік топтар 20 наурыз бен 10 мамыр аралығында жүздеген мекемелерді тексеріп шықты. Нәтижесінде қаланың бас санитарлық дәрігері белгілеген шектеулердің 795 бұзушылығын анықтады. Сондай-ақ, 3000-нан астам жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тексерушілер демалыс күндері де жұмысын тоқтатқан жоқ. Ойын-сауық мекемелерінің карантиндік шараларды сақтауын тексеру 7 мамырға қараған түннен, дүйсенбіге дейін күшейтілді. Осы уақыт ішінде барлығы 20-дан астам бұзушылық анықталды.

Полиция, әкімдік және кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар қоғамдық тамақтану, сауда нысандарын, компьютерлік және лото клубтарды аралады.

"Мысалы, 7 мамырға қараған түні Алматыда карантиндік шаралардың бұзушылықтары "В шатрах" мейрамханасында орын алған. Онда 40-қа жуық келуші болған. Сондай-ақ Алмалы ауданында 40 келуші болған "Лото клуб" жұмыс істеген. 8 мамырға қараған түні Бостандық ауданының мониторингтік тобының өкілдері "Пинта" барында бұзушылықтарды анықтады. Сол түні сол ауданда "Hazbin" түнгі клубы жұмыс істеді, онда шамамен 80 адам болды", — делінген хабарламада.

Ал, 9 мамырдан 10 мамырға қараған түні қалада белгіленген шектеулердің 11 бұзушылығы анықталды. Мысалы, Бостандық ауданының "Достар" мейрамханасында эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған 40-қа жуық адам болды. Сол түні Медеу ауданында 40-қа жуық келуші болған "Мята" барында кезекті рет бұзушылық орын алды.

Айта кетсек, өткен тәулікте мегаполисте COVID-19 жұқтырудың 570 жағдайы тіркелді, оның 467-сі симптомды. Әкімдік қала тұрғындарын бетперде киюге және саннормаларды қатаң сақтауға шақырады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров