Әселдің анасы: Грузияға шақыртып, жауап алғанын қалаймыз!

Express Qazaqstan

Айсулу Айтпаева / 24.kz

Қаза болған қазақстандықтың анасы күйеу баласының Грузияға жауап алу үшін шақырылғанын қалайды.

Айсұлу Айтпаева Грузияға барған бойда тергеу жұмысына қатысты. Тбилисидің тәртіп сақшылары күдікті ретінде қамауға алынған адамнан кеше 10 сағаттан аса уақыт жауап алды. Әселдің анасының ойынша, бұл оқиғаға бірнеше адам кінәлі.

— Мен бәрінен бұрын Әселді жұмысқа шақырған күйеу балам Мұрат Мейірбековті кінәлаймын, — деді Айтпаева "Экспресс К" тілшісіне. — Мен оған қарсы куәлік еттім. Қызым қайтыс болардан бір күн бұрын ол Қазақстанға қайтып кетті. Біз оны Грузияға қайтарып, жауап алғанын қалаймыз. Қылмыс осы елде болған және оны осы жерде тергелуі керек. Жергілікті полиция оның автокөлік бизнесіндегі серіктесі Айдос Шаймерденовті ұстап, жауап алып жатыр.

Мен Әселді өлтірді деген ойымнан қайтпаймын. Ол өзіне қол салды деп ойламаймын. Әсел ондай адам емес еді...

дейді Әсел Айтпаеваның анасы.

— Кейбір БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде екі адам Әселді терезеден лақтырғаны жайлы әуесқой жазба бар деген ақпарат тарады. Сіз бұл туралы не білесіз?

— Бұл туралы ешнәрсе айта алмаймын. Біріншіден, мен оны көрген жоқпын. Екіншіден, өз басым, Әсел қайтыс болардан бұрын құрбысына жіберген аудиожазбаға жүгініп отырмын. Егер мұндай видео шынымен біреуде болса, полицияға беруін өтініп сұраймын.

— Тергеу Грузияда жүргізіле ме?

— Иә. Маған тәжірибелі адвокат берілді, онымен тұрақты байланыста боламыз. Басқа амалым жоқ. Мен грузин тілін, заңдарын білмей тұрып, бұл іспен Қазақстанда айналыса алмаймын. Процесс ұзаққа созылатын сияқты. Сондықтан біреуді жалдай алмаймын.

— Қызыңызбен соңғы рет қашан сөйлестіңіз?

Қайғылы оқиғадан екі сағат бұрын. Мен өзім қоңырау шалдым, бәрі жақсы болды. Тек маған қызымның дауысы дірілдеп тұрғандай сезілді.

дейді Айсұлу Айтпаева.

— Сізге күйеу балаңыз көңіл айтты ма?

— Кеше Грузияға ұшар алдында ғана әйелі қоңырау шалып, әуежайда олармен кездесуімді сұрады. Оның аяғы ауыр, мен оларға "көзіме көрінбеңдер" дедім. Бірақ күйеу баламнан сұрағым келеді: біреудің баласын өзге біреудің алдына қалай жығып берді? Ол оны жақсы таниды ғой, көшеден тауып алған жоқ.

— Осыған дейін Әселді көлікке айырбастап жіберген болуы мүмкін екенін айтып, ол Грузияға алдап шақырылған бірінші қыз емес дедіңіз. Бұл ақпаратты қайдан алдыңыз?

— Ол қайтыс болар алдында құрбысына жіберген аудиожазбаға сүйеніп осылай дедім. Аудиожазбада солай делінген. Одан басқа дәлелім жоқ.

— Сол сияқты қызыңызды күйеу балаңыз шетелге алдап шақырғанын айттыңыз. Қандай жолмен арбап шақырды?

— Бәріміз Әселді оған сеніп тапсырдық. Олар оны компанияда жұмыс істейді, көлік сатып, құжат рәсімдейді деп шақырды. Бұл алдау емес пе? Оған сенім арттық. Енді қолыммен берген баламды, табытпен алып бара жатырмын.

дейді Әселдің анасы.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров