ҚР СІМ Иерусалимдегі күрделі жағдайға алаңдаушылық білдірді

Экспресс К

ҚР СІМ

Қазақстандық дипломаттар тараптарды Әл-Ақса мешітінің аумағында арандатушылық әрекеттерден аулақ болуға және статус-квоны құрметтеуге шақырды.

Қазақстандық дипломаттар бүгін Палестина-Израиль қатынастарының шиеленісуіне және Шығыс Иерусалимдегі зорлық-зомбылықтың өршуіне алаңдаушылық білдірді. ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде "қалыптасқан жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, жағдайдың одан әрі нашарлауына әкелетін қадамдардан бас тартуы тиіс" делінген.

Сыртқы саясат ведомствосының өкілдері әл-Ақса мешітінің кешені төңірегіндегі арандатушылық әрекеттерден аулақ болуға және статус-квоны құрметтеуге шақырды. Сол сияқты саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар қасиетті Рамазан айында шиеленістің ушығуын азайту үшін бар күшін салады деп үміттенетінін білдірді.

"Қазақстан палестиналық-израильдік қақтығысты тек қана бейбіт жолмен Two state solution формуласы және Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарлары негізінде шешуді қолдайды", — делінген ҚР СІМ хабарламасында.

РИА Новости мәліметінше, Шығыс Иерусалимдегі қақтығыстар бірнеше күн бойы жалғасып келеді. Олар шейх Жаррах кварталында туындады. Ол жақта Израиль соты бірнеше араб отбасын көшіріп жіберу туралы шешім қабылдаған. Осыған байланысты 7 мамырда кешке жүздеген адам жиналып наразылық білдірді.

Жағдай ушыға түсіп, Израиль мен Палестина өзара зымыран шабуылдарына көшті. ТАСС ақпарат агенттігі хабарлағандай, Ашкелон қаласында зымырандардың тікелей соққысы нәтижесінде екі израильдік қаза тауып, бірнеше ғимарат өртенді, көліктер зақымданды.

Өз кезегінде Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Ашраф Аль-Кидра Газа секторында Израильдің әуе соққыларынан 20 адам қаза тауып, 65 адам жарақат алғанын мәлім етті. Ол қаза тапқандардың арасында тоғыз бала мен бір әйел бар екенін айтты.

ЦАХАЛ-дың "Қабырға күзетшісі" соққысына ХАМАС "Аль-Кудс қылышы" операциясымен жауап берді.

Анкара Израильдің Газа секторына жасаған соққыларына наразалық білдірді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров