Отбасындағы жасанды өмір жаңа түйткілге айналды

Express Qazaqstan

ecelebrity.ru

Қазір әлеуметтік желіні өздерін бақытты етіп көрсететін отбасылардың фотолары мен видеолары жаулап алған. Олар «жұбайым, балаларым, ит-мысығымыз – бәріміз бір-бірімізді жақсы көреміз» деген мағынада жазба қалдырады. Бұл кейбіреулердің қызғанышын тудырса, енді біреулерге оғаш болып көрінеді. Бірақ әлгі отбасылар расымен де бақытты ма? Өмірлері сондай керемет болса, балаларын неге психологқа апарып жүр?

— Қазақстанда адамдар айналадағылардың өздеріне қатысты пікіріне қатты мән береді. Отбасын жұртқа бақытты етіп көрсеткісі келеді, — дейді психолог Ольга Шихова. — Әке деген батыл әрі мақсаты айқын болуы керек. Ал ана әдемі, мейірімді, нәзік бола жүріп, дәмді бәліш пісіруі, үйді айнадай жарқыратып отыруы, кір жуып, киім үтіктеп, керемет әйел болуы тиіс. Мұндай ата-ананың балалары, әрине, талантты, жақсы, тілалғыш келеді. Басқаша болуы мүмкін емес... Ұяттан, жұрттың сөзінен қорқатынымыз сонша, осындай жасандылықты жақсы меңгеріп алғанбыз. Оның үстіне әлеуметтік желіде тату-тәтті отбасы боп көрініп қана қоймай, көптеген лүпіл мен көтермелейтін пікір жинауымыз қажет. Осыдан келіп елімізде "театрлық отбасы" дегендер күрт көбейді. Онда әркім көпшілік алдында өз рөлін ойнап береді. Ата-аналар таңертеңнен қара кешке дейін сол рөлінен шыға алмай жүреді. Бірақ әке мен шешенің бұны балалар байқамайды деп ойлағаны дұрыс емес. Олардан ешқандай әртіс шықпайды. Мұндайда Станиславский бірден "Сенбеймін!" деп айтар еді.

— "Менің керемет отбасым" атты Қазақстанның халық ойынының салдары қандай болмақ?

— Оның салдары өте ауыр. Шынайы емес жағдайда өскен балалар ішкі уайымын тамақ ішу арқылы басып, содан артық салмақ қосады. Бірде маған семіздікке шалдыққан қызды алып келді. Оның салмағы қалыпты жағдайдан 20 келіге артып кеткен. Ол тамақты жей береді, бірақ тою дегенді білмейді. Бұл туыстармен өтетін апта сайынғы кездесудің кесірінен болып шықты. Мұндай отырыстардың бәрін де шаршататыны анық. Алайда осылай жиі жолығып тұруға енді шама қалмағанын ешкім мойындамайды. Оның үстіне отбасылық чат ашылған. Сонда біреулердің жетістігіне тамсанып, болмашы суреттер мен видеоларды бөлісіп, ақырында бәріне "қайырлы түн" деп барып демалуға міндеттісің. Осыған деген іштей наразылық салдарынан жүйке жұқарып бітеді. Бірақ адамдар әлгі спектакльге қатысуын тоқтатпайды.

Баланың ішінде не болып жатқанын үлкендер байқай бермейді. Ал бала кімге барып көмек сұрарын білмей дал болады. Олар үшін біреуге: "Әкем мен шешем енді бір-бірін сүймейді" деп айту өте қиын. Ұл-қыздарымыз бұл тығырықтан өз бетінше шыға алмайды. Олар өздерін толғандыратын сұрақтардың жауабын күмәнді ортадан іздей бастайды, тамақты көп жейді немесе мүлдем жемейді. Оқуға, спортқа және басқа да нәрселерге ынтасы жоғалады. Тым асқынып кеткен жағдайда жүйкесі сыр беріп, күйзеліске ұшырайды, есірткі мен алкогольді қолдана бастайды.

— Ата-аналар психологқа сырын ашуға дайын ба?

— Туындаған түйткілді ашып айтпасаң, одан құтыла алмайсың. Әрине, көп адам үшін соны мойындау өте ауыр. "Жағдайымның нашар екенін қалай айтамын? Жұрт сөз қылады ғой" деп ойлайды. Тіпті олар психологтың алдында да сахналық кейпінен арылмай, жаттанды сөздерін шатаспай айтумен болады. Алматыда жасөспірім ұлымен арасы дұрыс болмай жүрген бір әйелді барлық психологтар танып алаған. Бұл жерде де мәселе "театрлық отбасына" тіреліп тұр. Маман сол құпияны аша салысымен, әлгі әйел оны біліксіз деп айыптап, есікті қатты жауып шығып кетті. Өзі де, ұлы да қиналып жүр. Бірақ ол өз отбасының театр сахнасына айналып кеткенін мойындағысы келмейді.

— Кез-келген дертті емдегеннен гөрі, оның алдын алған оңай ғой. Өзіңіз айтқан театрлық қарым-қатынасқа жол бермеудің амалы бар ма?

— Әрине, бар. Бәріміз де жасанды әрекеттерден арылуымыз керек. Қателік жасап қойсаң, оны сонша қораш көрудің қажеті жоқ. Мінсіз адам болмайды. Бақытты отбасының қатып қалған формуласы жоқ. Кез-келген адамнан, оның жынысына, жасы мен жұмыс орнына қарамастан, үлгі алуға әбден болады. Қандай көлік мінетіні, жалақысының мөлшері мен мәртебесі де маңызды емес. Мәшинаң, тіпті яхтаң да бақыттың өлшемі бола алмайды. Ол ешқандай валютамен де бағаланбайды. Ал егер үйіңізден күлкі естіліп тұрса, балалар мен ата-ана арасында толық сенім болса, онда сіздің керемет отбасыны қалыптастыра алғаныңыз. Жасанды әрекетке бармаңыз. Бетпердеңізді шешіп, рөл ойнауды доғарып, сахнадан кетіңіз. Балаңыздың қалыптаспаған психикасына соққы беріп алмаңыз. Өзгелердей бола алмаймын-ау деген өз қорқынышыңызды оған дарытпағаныңыз абзал.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров