Сырдың суы сирақтан келіп тұр

Экспресс К

qazaqstan.tv

Сырдың суы сирақтан келіп тұр. Шынымен осы мәтел бүгінде өз мағынасын дәлелдеп тұр. Сырдария өзені жыл сайын тартылып барады. Бұрын шағын кемелер жүзетін дарияны қазір кешіп өтуге болады дейді жергілікті тұрғындар. Ал сарапшылар бұл 7-10 жыл аралығында қайталанып отыратын табиғи құбылыс екенін айтады.

Сырдария өзені Арал теңізін толтыратын жалғыз тіршілік нәрінің көзі. Осыдан 20 жыл бұрын Кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін Көк Арал бөгеті салынған болатын. Алайда су тапшылығы осылай жалғаса берсе, қыруар қаржы жұмсалған "Ғасыр жобасынан" айырылып қалу қауіпі бар. Өйткені өзен бастауындағы халық энергетикалық режимге көшуге байланысты төменгі ағысқа су жіберу көлемі азайған. Бұл орайда сарапшылар су саясатын түбегейлі қайта қарап, халықаралық деңгейде келісімге келу керек деген ұсыныс айтып отыр.

— Қазақстанда су ресурстарын пайдалану жөніндегі министрлік құрылу керек. Ең болмағанда агентство құрылу керек. Су ресурстарының проблемасы өте өткір жағдайда тұрғанда елімізде су саясатын күшейтуіміз керек — дейді Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің мүшесі Айткүл Шалғынбаева.

Сыр өңіріндегі су тапшылығы дәнді-дақылдар егуге де кедергі келтіруде. Өлкедегі күріш дақылының шығымы жыл сайын азайып барады екен. Мәслен осыдан 5 жыл бұрын 91 мың га сыр маржаны егілсе, биыл 84 мың гектармен шектелген. Дегенмен диқандар дариядағы бар суды магистральды каналдарға жинап, егін салуға бел буды.

— Сырдария өзенінен 400 текше метр су келіп жатыр. Енді оны 500 текше метрге дейін көтеруге ұсыныс бердік. Қызылорда, Түркістан облыстарында егін егу жұмыстары басталды дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров