Тұрғындар тіршілік нәрінен тапшылық көріп отыр

Express Qazaqstan

ussurmedia.ru

Қызылорда қаласының Арай ықшам ауданында көктем басталғалы ауыз су сыздықтап қана ағып тұр. Кейде мүлдем болмай қалады, деп жазды «Экспресс К».

Әсіресе, Талап, Мәуелі көшесінің тұрғындары тіршілік нәрінен тапшылық көріп отыр. Көше тұрғыны Қарлығаш Қожахметованың айтуынша, егін маусымы кезінде жеке үйлер ауыз суды ауласындағы егін-жайды суаруға пайдаланады. Салдарынан құбырдағы қысым төмендеп, кейбір үйлерден су ақпай қалады.

-Кезінде Арай ықшам ауданы саяжайдың орны болған. Арықпен ағын су келіп тұрды. Алайда биыл дариядан тамшы да түскен жоқ. Еккен қияр, қызанағымыз күйіп, жеміс ағаштарымыз қурап бара жатыр. Амалсыздан тұрғындар ауыз суды егінге пайдаланады. Соның салдарынан осы маңдағы 7 көшеде су сыздықтап ағады, кейде мүлдем жоқ. Әкімдік біздің арызымызды жауапсыз қалдырып отыр,-дейді зейнеткер Қожабай Тындыбек.

Бұл — Арай ықшам ауданына ғана тән мәселе емес. Қаладағы Сәулет, Саяхат, Шанхай, Әл-Фараби секілді шағын аудандарда да жаз басталса, ауыз судың қысымы түсіп кетеді екен. Тұрғындардың сауалын қала әкімдігіне жеткіздік. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев айтулы мәселеге қанық екенін айтты.

-Дарияның деңгейі төмендеп, табаны көрініп жатыр. Арық жүйелеріне су айдайтын құрылғылардың күші жетер емес. Сондықтан қосымша су айдау құрылғыларын орната бастадық. Көп ұзамай, бірер күнде Арай су арнасын толтырамыз. Одан бөлек, Сарқырама, Жібек жолы су арналары да тазалануда. Ағын су арықтарға барғаннан кейін, ауыз су құбырларының қысымы көтеріледі,-дейді сала басшысы.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров