Қалың орман өртене жаздады

Express Qazaqstan

ТЖД

Қостанай облысы Қарабалық ауданында қалың орман өртене жаздады. Абырой болғанда, қызыл жалын дер кезінде ауыздықталып, өрт 0,6 гектарды ғана қамтыған. Бұл туралы Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт бұзылған жүк көлігінен тұтанған. Оқиға Байқадамов орман шаруашылығы аумағында болған. Бұл — Қарабалық ауданы Песчаное ауылының маңы.

Алдымен құрғақ шөп өртеніп, кейін орманға жеткен. Өртті тез оқшаулау үшін жеке құрам түні бойы жұмыс істеп, 5-6 сағатта сөндіріп үлгерді.

"Өрттің шығуына КамАЗ автокөлігі себеп болды. Жергілікті шаруа қожалығының қызметкері жайылымда өңдеу жүргізген. Көлік орманның жанында бұзылады. Жөндеу кезінде ұшқыннан құрғақ шөп өртенген. Отты сөндіруге Михайловский мен Байқадамов орман шаруашылығының 10 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды. Орман шаруашылығы басқармасы мен ТЖД қызметкерлері тәртіп бұзушыға қатысты "өрттің шығуына себеп болған ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық нормаларды бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды", — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров