Ерлан Қарин: Жер дауына қатысты мәселеге түбегейлі нүкте қойылды

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды, -деп жазды ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің facebook-тегі парақшасында. Бұл туралы "Экпресс К" хабарлайды.

Айта кетейік Президент Қасым-Жмарт Тоқаев бүгін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

" Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы заң жүзінде бекіту туралы шешімді биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жариялаған болатын.

12 наурызда Президент тиісті заң жобасын Парламенттің қарауына арнайы жолдаған еді. Бұл — Президенттің заң шығару бастамашылығы бойынша әзірленген алғашқы заң жобасы. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы мәселені біржола шешкісі келетінін нақты көрсетті.

Өткен аптада заң жобасы Парламентте егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланып, депутаттар мақұлдаған соң, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылды.

Іс жүзінде Президенттің жер туралы заңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына тосқауыл қойды. Бұл биліктің түрлі дақпырт пен қауесетке берген нақты жауабы. Сондықтан, осы мәселе бойынша жұртты дүрбелеңге салуға бұдан былай еш негіз жоқтығына тағы да баса назар аударғым келеді.

Жалпы, аталған құжат "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының тиімділігін, қоғамдық және жалпыұлттық диалог арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын тағы бір мәрте көрсетті. Ел дамуының ұзақмерзімді мүддесіне сай келетін дәл осындай ұстанымдар — Президенттің саяси бағдарының өзегі",-деп жазды Ерлан Қарин.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров