Қойшы өзгенің бір отар қойын сатып жіберген

Диас АЛТАЙ

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Түркістан облысында жалдамалы малшы өзгенің сеніп тапсырған 155 бас қойын сатып жіберген деп хабарлайды Экспресс К, облыстық ПД сілтеме жасап.

Күдіктіге бір отарды ұсақ малды сатуға 3 ай уақыт жеткілікті болған. Төрт түлігінің азайып кеткенін қой иесі кездейсоқ біліп қалған.

Жайылымдағы малына екпе салдыруға барған азамат өзіне тиесілі аша тұяқтының жетіспейтінін байқап, бірден полицияға шағым түсірген. Сөйтсе қойшы өзіне сеніп тапсырылған малдың күніне үш-төртеуін орта есеппен 40 мың теңгеден сатып отырған екен. Сөйтіп оңай жолмен түскен 6 миллион теңгені қажеттілігіне жаратқан. Қазір қылмысын толық мойындаған қойшыға қатысты "бөтеннің мүлкін ысырап ету" бабымен іс қозғалды.

Мал басын көбейтуді емес, қарақан басын күйіттеген малшының ендігі тағдырын сот шешеді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров