«Ashyq»-та қызыл статусы бар жолаушы әуе билетін қайтара алады

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Қазақстандық авиакомпаниялармен алдын ала келісім жасалды.

"Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мәлім еткендей, қосымшада деректер сақталмайды. Алайда, санитарлық дәрігерлер Ashyq қосымшасында анықталған коронавирустық және байланыста болған науқастар туралы ақпарат алады.

Бұл авиакомпанияларға жолаушылардың инфекция жұқтырғандар ретінде көрсетілгені туралы мәліметтерін салыстыруға мүмкіндік береді. Осыдан кейін барып оларға алған билетінің ақшасы қайтарылады.

— Еліміздегі қазақстандық авиакомпаниялардың бәрімен алдын ала келісім жасалды. Келісім бойынша қызыл статусы бар жолаушылардың алған билетінің ақшасы кері қайтарылады ал сары статусы бар жолаушылардың билетін ауыстыруға мүмкіндік беріледі.

деді Юлия Якупбаева.

Айта кетейік, Ashyq қосымшасы іске қосылған 12 мамыр күні елорда әуежайында бір сәтте адам көп жиналып қалды. "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары мұны шығарып салушылардың әуежайға кіруіне рұқсат етілмеуінен туындады деп түсіндірді.

— Бұл әуежай ғимаратына шығарып салушылар мен күтіп алушылар жіберілмегендіктен болды. Қазір бұл проблема шешілді. Көліктегі бас санитарлық дәрігердің қаулысымен оларға қосымша бойынша әуежай мен вокзал ғимараттарына кіруге рұқсат етілген.

деді ол.

Елордалық әуежайда Ashyq қосымшасы жұмыс істегеннен бері "қызыл" статусы бар — коронавируспен ауыратын сегіз азамат және байланыста болған — "сары" статусы бар тоғыз азамат анықталды. Олардың бәрі әуежайда инфекция таратуы мүмкін еді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров