Грузия Қазақстанға күдіктіні экстрадициялау туралы өтініш жіберді

Express Qazaqstan

Әсел Айтпаева / Айтпаевтар отбасынан алынған фото

Грузия Қазақстанға Әсел Айтпаеваның ісі бойынша күдіктіні экстрадициялау туралы өтініш жіберді. Бұл туралы «Экспресс К» тілшісіне осы ақпараттан хабардар адам айтты.

Кеше Грузияның Бас прокуратурасы Қазақстан азаматы Мұрат Мейірбековке зорлады деген айып сырттай тағылғанын хабарлады. Айыптаушы тарап күдіктіні қамауға алу туралы өтінішпен Тбилиси қалалық сотына жүгінген.

Бұған дейін БАҚ арқылы Әсел Айтпаеваның туыстары күйеу баласы Мұрат Мейірбековтен жауап алуды сұраған болатын.

Ақпарат көзі "Экспресс К" редациясына Грузия тарапы Мұрат Мейірбековты ұстау және депортациялау туралы Қазақстанға өтініш жібергенін айтты.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Осыған байланысты "Экспресс К" редакциясы ресми сауал дайындап жатыр.

Айта кетейік, Әсел Айтпаева, Грузияда белгісіз жағдайда қайтыс болды. СІМ мәліметінше, Әсел Тбилисиде 9 қабаттан құлаған. Өлер алдында құрбысына аудиохабарлама жіберген. Онда белгісіз ер адам сес көрсетіп жатқаны естіледі.

Әселдің анасы, Айсұлу Айтпаева, қызының өліміне күйеу баласының да қатысы бар деп күдіктенеді. Осыған байланысты ол екі елдің билігінен күйеу бала Мұрат Мейірбековты Грузияға депортациялауға көмектесуін сұрады.

Артынша, Грузия прокуратурасы, қыз өлер алдында зорланған деген мәлімдеме жасаған. Ертесінде қылмысқа күдікті ретінде 56 жасар Бесик Тордуа ұсталған болатын. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 8-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Үш күн бұрын Әсел Айтпаева астананың іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында жерленген.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров