Олжас Сүлейменов 85 жасқа келді

Express Qazaqstan

Олжас Сүлейменов / ©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін - белгілі ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ядролық қаруға қарсы "Невада-Семей" қозғалысын құрушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ЮНЕСКО кафедрасының профессоры, "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік мұражайының директоры Олжас Сүлейменовтің туған күні.

Ол биыл 85 жасқа келді, деп хабарлайды "Экспресс-К"

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дің геология факультетін бітірген. М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. 1962–1971 жж. "Казахстанская правда" газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, "Қазақфильм" киностудиясы сценарийлік-редакциялық алқасының бас редакторы, "Простор" журналының бөлім меңгерушісі, 1971–1981 жж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1981–1983 жж. Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1983–1991 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, "Невада-Семей" қозғалысының төрағасы, 1995 жылдан Қазақстанның Италиядағы төтенше өкілетті елшісі болды. Бүгінде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы төтенше өкілетті елшісі және тұрақты өкілі.

Туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы — "Арғымақтар" (1961) шыққаннан кейінгі жылдардан бері "Адамға табын, Жер, енді" өлеңдері бүгінгі ТМД елдері халықтарының көптеген тілдеріне, шет ел тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып бірнеше рет басылды. Кинодраматургия, әдеби зерттеу саласында да еңбек етіп жүр. Оның жазған сценарийі бойынша "Атамекен", "Көгілдір маршрут", "Қыс — қолайсыз маусым", "М.Әуезов туралы сөз", "Үндістан сазы", "Жастық шақ заставасы", т.б. фильмдер түсірілген. "Аз и Я", "Язык письма" атты тілге қатысты зерттеулері жарық көрді. "Жалынның шалқуы" атты өлеңдер жинағы француз тілінде шықты.

Ядролық сынаққа қарсы "Семей-Невада" қозғалысының, Халық Конгресі партиясының лидері. Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының (1967), Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының (1966) лауреаты. Қазақстанның Халық жазушысы. Қазақстан Меценаттар клубының "Тарлан" сыйлығының (2000) лауреаты.

Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі", Октябрь Революциясы, І дәрежелі "Барыс" (2001), "Отан" ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Азербайжан Республикасының "Шухрат" орденімен, Украинаның "Ярослав Мудрый", Шешен Республикасының, Францияның және Ресейдің "Достық" ордендерімен марапатталған.

(Мәлімет adebiportal.kz сайтынан алынды)

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров