Газада жалғыз зертхана соққыдан кейін істен шықты


© Reuters
Израиль соққысынан кейін Газа секторында COVID-19 инфекциясын анықтайтын жалғыз зертхана істен шықты. Бұл туралы «Экспресс-К» The Times of Israel газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
ХАМАС өкілдерінің мәліметі бойынша, соққы салдарынан Газа секторындағы жалғыз зертхана орналасқан Әл-Рималь клиникасы ішінара зақымданған. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі мен Қатардың Қызыл Жарты Ай басқармасы да зардап шекті.
Газа Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Юсеф Әбу әл-Риш журналистерге мәлім еткендей, министрлік қызметкерлері арасында жарақат алғандар әрі ауыр күйде жатқандары да бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметі бойынша, Газа секторында COVID-19 инфекциясы оң нәтиже көрсеткендер саны аз емес. Халқының 28 пайызы індет жұқтырған. Қазір бұл елдің ауруханалары пациентке толы. Бүгінге дейін Газадағы 103 мың адамнан коронавирус анықталды, ал 930-дан астам адам осы індеттен қайтыс болды.
Палестинаның ақпарат құралдары сейсенбі күні Израиль әскерінің Газа секторына жаппай соққы жасағанын хабарлады. Тіпті ХАМАС-тың жағалаудағы кемелеріне де зиян келген.
17 мамырда Washington Post АҚШ-тың Израильге 735 млн долларға жоғары дәлдікпен тигізетін қару сатуды мақұлдағанын хабарлаған болатын.
Соңғы мәліметтер бойынша Израиль соққыларынан 218 палестиналық қаза тауып, 6504 адам жараланды. Олардың 90 пайыздан астамы — бейбіт тұрғындар. Ал қаза болғандардың 30 пайыздан астамы — әйелдер мен балалар.
Ал Израиль елінде 16 мамыр күнгі жағдай бойынша 10 адам қаза тауып, 50-і ауыр жараланған.
Айта кетейік, екі ел шекарасындағы жағдай 10 мамыр күні кешке таман шиеленісе түсті. Сол түннен бастап екі ел бір-бірін көздеп, мыңдаған зымыранын атқылады.
Бөлісу