Семейліктер ауызсуға жарымай отыр

Express Qazaqstan

© ЭК

Ауызсудан тарыққан Нахаловка ауданының тұрғындары жиналып, қала басшысына талап қойды, деп жазады «Экспресс К».

Үш шақырым жерден су тасып жүрген тұрғындардың шыдамы таусылған. Қала орталығында тұрып, мұндай күйде күн кешеміз деп ойламаса керек. Суға бару, әсіресе, көлігі жоқтар үшін қияметке айналған. Алысқа бармай-ақ, үйден ішейін десе, ауладан шығатын тіршілік көзі ішпек түгілі, тұрмыста қолдануға да жарамайды екен.

Тұрсынхан Жұматаев, қала тұрғыны:

— Үй ауласынан қазып алған құдықтың суы ащы. Сабын іріп кетеді. Ешқандай сараптама жасаудың керегі жоқ. Шәугім, ыдыс-аяқ қақ болып қалады. Қанша шақырым болса да еріксіз тасып, ішіп отырмыз.

Кәмшат Қалелова, қала тұрғыны:

— Суымыз ащы. Үйімде денсаулығы жоқ кішкентай балам бар. Екі инвалид отыр. Жақын маңайда колонка да жоқ. Бүйрегімізде, мінеки, қазірден бастап үш сантиметрдей тас бар.

Бұрын әр көшенің қиылысында тұратын құдықтан қазір біреу ғана қалған. Ауызсуға зәру жұрт осы жерден іздегенін табады. Алайда, бұл жағдай құдық жанындағы үй тұрғындарының мазасын алса керек.

Надежда Комиссарен, қала тұрғыны:

— Бобровка мен Нахаловкаға бір колонка ғана. Осы жерде қашан көрсең, ұзынсонар кезек. Тіпті, суға таласып, төбелесіп жататын күндерді де көрдік. Ит-құсқа дейін бұл арадан су ішеді. Түнде музыкасын дүңкілтетіп жастар да келеді.

Жергілікті билік болса, тұрғындар тарапынан ешқандай өтініштің түспегендігін алға тартады. Дегенмен, бұл мәселені ағымдағы жылдың жоспарына енгізіп, арнайы мамандармен егжей-тегжейлі түрде қарастырмақ ниетте.

Құралай Дүйсенбаева, Семей қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

— Барлығын қамтамасыз ету үшін қазір есептеме құраймыз. Тиісті құжат жасалған соң, алдымыздағы бюджетті нақтылау кезінде өтінім тапсыратын боламыз.

Жиын барысында белсенді топ қала әкімі Нұрымбет Сақтағановтан су тартып беруін сұрап, қол жинады. Әзірше, өтінішхатқа 45 адамның қолы қойылыпты.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров