Қала әкімдігінің ғимаратын 74 жастағы зейнеткер сатып алған

Express Qazaqstan

© ЭК

Ел Тәуелсіздігін алғаннан бері Түркістан қалалық әкімдігі болған ғимарат нарықтағы бағасынан 30 пайызға арзан сатылған. Бір жыл бұрын бюджет қаражатына жөндеуден өткізілген нысанды Көкшетаулық 74 жастаға зейнеткер аукционнан сатып алған, деп хабарлайды "Экспресс-К"

Azattyq Rýhy тілшісінің жазуынша қалалық әкімдіктің қызметкерлері екі жылдан бері жалға алынған өзге ғимараттарды жағалап жүруге мәжбүр.

Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбектің мәліметінше, әкімдік электронды аукцион өткізгенде оған бір ғана адам қатысып, жеңімпаз болып шыққан. Талап бойынша аукционға қатысушы ұйымның саны екіден кем болған жағдайда конкурс өткізілмеуі тиіс. Қызығы, бұл қағида қаперден қалыс қалып, жеңімпаз болған әйел әлгі ғимаратты қонақ үйге айналдырмақшы болады. Алайда, шенеуніктердің әрекетін прокуратура біліп қойып, әкімдікті сотқа берген еді.

Айта кетейік, Ясауи кесенесіне жақын орналасқан 4 қабатты ғимарат небәрі 313,7 млн теңгеге сатылған.

"Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі" ММ мен жеке кәсіпкер Бектасова Құлбибі Қамбарбекқызының арасындағы ғимаратты сатып алу-сату туралы 2020 жылдың 8 қазанындағы № 21408-ЭТП санды келісім-шартты жарамсыз деп танып, күшін жойылсын. 19 қазандағы "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" ММ мен жеке кәсіпкер Қ.Қ. Бектасова арасындағы № 1 санды мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісі жарамсыз деп танылып, күшін жойылсын. Жауапкер жеке кәсіпкер Қ.Бектасовадан мемлекеттің пайдасына мемлекеттік баж салығы 2 917 теңге өндірілсін", — делінген судья Қуандық Мырзахметов шығарған сот шешімінде.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Шешіммен келіспеген тараптар бір айдың ішінде Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты арқылы шағым түсіре алады. Мемлекеттің құнды мүлігін жекеге өткізудің жолын тапқан әкімдіктің қызметкерлеріне қатысты экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс ашқан.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров