Елордада «Музейдегі түн» онлайн-форматта өткізіледі

Express Qazaqstan

Бүгін, яғни 18 мамырда Нұр-Сұлтанда Халықаралық музейлер күніне орай онлайн іс-шаралар өткізіліп жатыр. Ол «Музейлердің болашағы: қалпына келтіру және жаңғырту» тақырыбында ұйымдастырылған деп хабарлайды «Экспресс-К».

Іс-шара Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының осы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен салтанатты түрде құттықтауынан басталады.

Шара барысында музей залдары бойынша шолу экскурсиялары, атап айтқанда "Қазақтың дәстүрлі мәдениеті", "Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялары" және т.б. экспозициялық залдары бойынша тақырыптық және театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері Жәкен Таймағамбетов және тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашевпен бейнесұхбаттар әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы оқырмандар назарына ұсынылады.

Бұдан бөлек "Музейтанушы — мерейлі мамандық" атты үш ұрпақтың кездесуі онлайн форматта өткізіледі.

Айта кетейік, Музейлер күні 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің бас конференциясында белгіленген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет "Музейдегі түн" Берлин қаласында өткізілді.

Аталған мерекеге арналған бұл шара Ұлттық музейде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған шара осыған дейін 6 мәрте өткізілді. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам, ал, 2018-2019 жылдар аралығында аталған іс-шараға 50 мыңға жуық адам қатысқан.

Аталған шара 2020 жылы да әлемдегі пандемиялық ахуалға байланысты "Біз біргеміз" ұранымен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы онлайн форматта жүргізілді.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова аталған сала қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров