Н. Назарбаев: Шекараны барлық қауіптен қорғай білу керек

Express Qazaqstan

ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз қызметі

Бүгін Елордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы болып өтті.

Онда Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құру мен дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасы, сондай-ақ шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Экспресс-К" Тұңғыш Президент — Елбасы сайтына сілтеме жасай отырып.

Кездесуді ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуына әсер ететін сыртқы жағдайларға назар аударды.

Бұл мәселе ең алдымен жаһандық коронавирус пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарына қатысты. Осыған байланысты вакцинациялау жұмыстарының маңыздылығы, сондай-ақ, Үкіметтің халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуі және экономикалық өсу қарқынын сақтауы қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, қазіргі нақты жағдайдағы әскери ұйымдық даму мен Қарулы Күштердің конфигурациясының жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттілігін де атап өтті.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Шекара қызметінің жұмысы мен шекараны қорғау әдістерін жетілдіру ғана емес, сонымен бірге экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери-қауіпсіздік салаларына қатысты жүйелік шаралар қажет екенін баса ескертті.

Кездесу барысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құру мен дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасы, сондай-ақ шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

"Шекараны қауіптің барлық түрінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылысы синхрондалып, бірыңғай стандарттарға сәйкес жүргізілуі керек. Сонымен бірге біз шекараның қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастыруға тиіспіз", — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың есептері тыңдалды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров