Президент сәбиді құтқарған түркиялық дәрігерді марапаттады

Экспресс К

Әлейметтік желіден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Шекерге «Ерекше батылдығы үшін» алғыс хатын жіберді.

Өмір мен өлім үстіндегі бала жанын ажалдан арашалап қалған түркиялық дәрігер марапатталды, деп хабарлайды "Экпресс К" "Хабар 24" телеарнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасай отырып.

Осыдан бірнеше ай бұрын Бішкектен Ыстамбұлға ұшып келе жатқан қазақстандық нәрестенің жүрегі сыр беріп, тоқтап қалады. Мұны естіген борттағы түрік депутаты, әрі дәрігер Режеп Шекер жасанды тыныс алдырып, жүрегіне массаж жасап, сәбиді аман алып қалады.

Оқиғамен таныс болған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Шекерге "Ерекше батылдығы үшін" алғыс хатын жөнелтті.

Президенттің марапатын Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік парламентінде табыстап, жүрекжарды алғысын білдірді.

Өз кезегінде Режеп Шекер "Әрбір оқиғаның өзіндік мәні бар" деп, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

"Оқиғаның болғаны өкінішті. Дегенмен, нәтижесі жақсы. Нәрестелердің отбасымен хабарласып тұрамыз. Тіпті бірнеше күн бұрын бейне жолдапты. Салмақ қосыпты. Аман болсын. Екі елдің бауырластық және достық қатынасына себепші болды. Ілтипат білдірген Президент Қасым- Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіріп, бірер күн бұрын өткен туған күнімен құттықтаймын", — деді депутат, дәрігер Режеп Шекер.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров