Киіктер тірідей көмілді деген ақпарат жалған

Express Qazaqstan

facebook.com / batyr.seikenov

Батыс Қазақстанда «киіктер тірідей көмілген» деген ақпарат жалған болып шықты деп хабарлайды «Экспресс К»

Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, әлеуметтік желіге тараған видеода бар болғаны жалғыз ақбөкеннің шалажансар жатқаны түсірілген екен. Оның өзі дін аман үйіріне қосылыпты. Сондықтан бұл іске қатысты ешкім жауапқа тартылмайды.

-"Қазіргі таңда аталмыш жайтқа қатысты не қылмыстық, не әкімшілік іс қозғалған жоқ. Өйткені оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы ол жерде расымен өлген ақбөкендердің арасында біреуі тірі екенін анықтап, мал дәрігерлері тексергеннен кейін өз үйлеріне қосылған болатын" — деді БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Мөлдір Садырғалиева.

Бұған дейін қынадай қырылған дала еркелерінің видеосы тараған еді. Кейін өңірлік орман және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы киіктерге найзағай түсіп өлген болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Кейін түрлі аурулар тарап кетпес үшін өлекселелерді дереу жинап, көзін жоюға кіріскен. Әлеуметтік желіге тараған видеода жалғыз ақбөкеннің жер бауырлап тұра алмай жатқаны көрінеді. Бұны аңғарған жергілікті тұрғындар "киіктерді тірідей көміп жатыр" деп шулаған еді. Алайда істің ақ-қарасын тексерген тәртіп сақшылары бұл деректің өтірік екенін анықтады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров