Қызылордадағы білім ұйымдарында қауіпсіздік күшейді

Экспресс К

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгінде облыстағы 304 мектептің 302-іне, 30 колледждің барлығына 4828 бейнебақылау камерасы орнатылды.

Оның 3134-і ғимарат ішіне, 1694-і сыртына қойылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Қаладағы 14 мектептің 420 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына, аудандардағы 56 мектептің 594 камерасы кезекші бөлімдердегі жүйеге қосылған. Қалған орта мектептердің бейнебақылау камераларын полиция органдарына қосу мәселесі қаралуда.

"Мемлекеттік органдармен бірлесіп әрбір білім беру ұйымдарында орнатылған бейнебақылау камераларының стандартқа сәйкестігі назарға алынып, жеке күзет мекемелерімен келісім-шартқа отыру мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тек полиция күшімен кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға қарсы жасалатын қылмыстарды тыю мүмкін емес. Сондықтан, бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірігіп балалар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу оң нәтиже беретіні анық. Беймезгіл уақытта балаларыңыздың ойын алаңдарында, көпқабатты үй аулаларында, көшелерде және басқа да орындарда жалғыз жүруіне жол бермеңіздер", деді ОПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев.

Биыл 25 мамырда соңғы қоңырау кешін өткізуге рұқсат етілді. Осыған орай, оқушылардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қатаң бақылайтын болады. Орталық алаң, парк, көшелерге патрульдік қызметкерлер рейдке шығады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров