Киіктерді ерекше қорғау бұрынғыдан да күшейеді

Express Qazaqstan

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құралайдың төлдеуі кезінде фото және видеоға түсіруге толықтай тыйым салу туралы құжат әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «Экспресс К».

"ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің төлдеуі кезінде бейне және фотоға түсіруге толық тыйым салуды реттейтін арнайы құжат әзірлеп жатыр. Осы бағыттағы жұмыс орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы күшейтілетін болады. Бүгінге дейін мұндай құжат қабылданбаған. Әлемдегі киіктердің 90%-дан астамы біздің елде. Мұнда Бетпақдала, Орал және Үстірт атты киіктің үш популяциясы мекендейді", — делінген хабарламада.

Ал аталмыш министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева әлеуметтік желіде құралайдың суреттеріне байланысты талқы әлі қызып тұрғанын, ведомство жұмысын "Еститін мемлекет" тұжырымдамасы бойынша негізге алатынын айта отырып, байланыс орнату маңызды екенін жеткізді.

"Оспан Әлінің киікті қорғаймын деп құрбан болған Ерлан Нұрғалиевтің құралаймен түскен әйгілі фотосының авторы екенін білесіздер. Туынды киіктерді қорғаудың символына айналып кетті десе де болады. Ал соңғы түсірген суреттерінің мақсаты — сұлу табиғатымызды көрсетіп, насихаттау, адамдардың сұлу жануарға махаббатын ояту арқылы қорғауға атсалысуға итермелеу еді. Әйтпесе, жай ғана қызығушылық танытып, құралаймен суретке түсе беруге болмайтынын бәрі түсінуі керек", — дейді Самал Ибраева Facebook парақшасында.

Әйтсе де ол өз сөзінде құралайдың төлдеу кезеңінде фото-видео түсірілімдеріне толықтай тыйым салу туралы құжат әзірленіп жатқанын әрі оның маңызын қаузап өтті.

"Төлдеу уақытының маңыздылығын ескере отырып, мен осы салаға жаны ашитын, бейжай қарамайтын адам ретінде төлдеу маусымында видео-фототүсірілімдерге мүлдем тыйым салатын арнайы құжат әзірлеуге басшылылққа өтініш беруге шешім қабылдадым. Себебі, дәл қазіргі уақытта ондай нақты регламент жоқ екен. Бұл шараны Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен талқылайтын боламыз. Соңғы кездегі жағдайлар жануарлар әлемі, орман шаруашылығына қатысты тақырыптар ерекше қадағалауды қажет ететінін тағы бір көрсетті. Сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге, мамандармен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әрқашан дайынмын", — дейді ол.

Бұл бағыттағы жұмыстар Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті арқылы күшейе түспек.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров