Жасатқан ескерткішті орнатуға орын жоқ

Express Qazaqstan

Экспресс К

Қызылордада медицина қызметкерлеріне арнап ескерткіш мүсін жасатқан кәсіпкер жергілікті биліктен соны орнатуға жөні түзу жер таба алмай отыр.

Жергілікті кәсіпкер Раушан Базарбай пандемия кезінде халықтың денсаулығы үшін жанын қиған ақ халаттылардың құрметіне ескерткіш жасатқан. Сол мүсінді үш айдан бері орната алмай жүр, деп хабарлайды "Экспресс-К".

Кәсіпкер ескерткішке өз қалтасынан 15 миллион теңге шығарған. Бұл бастаманы облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдаған екен. Қалалық әкімдік көпшілік жүретін қоғамдық жерден орын береміз деген. Алайда кейінен сөздерінен тайқып кетіпті.

Экспресс К
Экспресс К

"Жанкешті еңбегімен коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне ескерткіш қою туралы ұсынысты 2020 жылы айттым. Дағыстанның астанасында дәрігерлерге ескерткіш қойылғанын естіген соң осындай идея келген еді. Бұнымды облыстық денсаулық сақтау басқармасына, республикалық медицина қауымдастығына айттым. Олар қолдаған соң оны ресейлік суретші, мүсінші Әлібек Қойлақаевқа жасаттым. Қазір мүсінді орналастыратын орын бекітілген жоқ. Облыстық, қалалық әкімшілікке бұл мәселе айтылды. Олар ұсынған үш орынның біреуін таңдадық. Ол — облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын медициналық орталықтың қасындағы гүлзар. Бірақ өздері ұсынған орынды бермей отыр. Қалалық сәулет бөлімі ұсынған орын — медициналық колледждің ауласы. Ол жерде ескерктішті кім көреді?", — дейді Раушан Базарбай.

Осы мәселеге байланысты Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметовпен де хабарластық.

"Бастапқыда ол кісінің өзі медициналық колледждің алдын таңдаған. "Сол маңға қойсақ, колледжде оқып жатқан студенттерге тәлім-тәрбие болады. Елімізді қандай індет жайлағанын біліп жүрсін" деген кәсіпкердің өз идеясы болатын. Кейін бұл жер ол кісіге керек болмай қалды. Енді медициналық орталықтың жанын таңдап отыр. Ал біз әлгі медколледж маңын дұрыс деп санадық, — дейді Ғ.Қожахметов.

Қалай болғанда да, кәсіпкер қызылордалық шенеуніктерден медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне (маусым айының үшінші жексенбісі) дейін жөнді ұсыныс күтеді. Егер лайықты орын берілмесе, басқа қалаға сыйға тартпақ.

"Мен бұл жұмысқа бір тиын ақша сұрап тұрған жоқпын. Ескерткішті орнататын жақсы жер берсе болғаны. Күтімі де өз мойнымда болады. Егер Қызылорда қажет етпесе, Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласына бере саламын. Ол жақта сұрап жатқандар бар", — дейді ол.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров