БҰҰ Бас хатшысы коронавирустың шығуына негізгі себепті атады

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық биоәртүрлілік күніне орай адамзатты табиғатпен үйлесімді қарым-қатынасты қалпына келтіруге шақырды.

Бұл туралы БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап "Экспресс-К" хабарлайды.

"Пандемия адам мен қоршаған орта арасындағы байланысты айқындап берді. Жаңадан шығып жатқан инфекциялық аурулардың адамға жануардан жұқққаны белгілі. Жерді пайдаланудағы өзгерістер мен адамзаттың жабайы жануарларға тиесілі жерді иемдене бастауы Эбола мен Covid-19 сияқты вирустардың шығуының негізгі себеп болды",- деп түсіндірді Антониу Гутерриш.

Ол адамзаттың іс жүзінде табиғатқа қарсы соғыс жариялағанын айтты. Гутерриштің ойынша, өсімдіктер мен жан-жануарлардың миллиондаған түріне жойылу қаупі төніп тұр. Сулы-батпақты жер құрғап, шөлді аймақтар көбейіп жатыр.

"Жыл сайын жер бетінде 10 миллион гектар орман жойылады. Мұхиттар пластиктен тұншығып, адам шығаратын көмірқышқыл газын көбірек сіңіргендіктен қышқылданып жатыр. Сөйте тұра, біз табиғатты жойып жатқан салаларды субсидиялауға қарағанда оны қорғауға аз ақша жұмсаймыз", — деді Антониу Гутерриш.

Біз өзіміз халықаралық деңгейге қойған биоәртүрлілікті сақтау саласындағы бірде-бір міндетті орындай алмадық.

дейді Бас хатшы.

Ол тіршіліктің қайнар көзі — табиғат екенін ескертіп, табиғат адамзатты тек қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп қана қоймай, көптеген мәселелерді, мысалы, климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге көмектесетінін жеткізді.

"Біз табиғатты қорғауымыз керек, экожүйені қалпына келтіріп, планетамен қарым-қатынаста үйлесімділікке ұмтылуымыз қажет. Биоәртүрліліктің жоғалуын қалпына келтіру арқылы адамдардың денсаулығын жақсарта аламыз, тұрақты дамуға қол жеткіземіз және климаттық дағдарыстан шығамыз", — деді Антониу Гутерриш.

Бас хатшы табыстың кепілі — табиғатпен үйлесімде өмір сүру деп санайды.

"Әлемнің қай түпкірінде болмасын, әрбір адам табиғат алдындағы жауапкершілік принциптеріне сәйкес өмір сүруге мүмкіндігі болуы тиіс. Ол үшін үкімет, бизнес пен әрбір адамды жауапкершілікке ынталандыратын тиімді шаралар қабылдау қажет", — дейді ол.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров