Қос жанарынан айрылған екі жас отбасын құрып, сәбилі болды

Express Qazaqstan

© ЭК

Ақтөбе қаласында тұратын зағип жандар Мұрат Мадинов пен Назым Жұрынбай былтыр отбасын құрды. Мұрат 23 жасында соқырлық дертіне тап болса, Назымның жанары туа бітті көрмейді.

Мұрат Мәртөк ауданында туған. Мектепті орысша оқыпты. Ақтөбе қаласындағы гуманитарлық колледжді, кейін Қазақ-орыс халықаралық университетін заңгер мамандығы бойынша бітіреді. Пысық, шаруаға икемді, үнемі көңілді жүретін ол кез келген адаммен тіл табысатын. Алға қойған жоспары көп жас жігіт 2015 жылы аяқ астынан көз ауыруына тап болады. Алғашқыда аса мән бермегенімен уақыт өте көзі мүлде көрмеуге айналады. Бармаған жері қалмайды. Ақтөбедегі білікті дәрігерлерді тауысып, Алматы, Уфа, Мәскеу қалаларына дейін барады. Алты рет ота жасатады. Алайда дәрігерлер Мұратқа көмектесе алмады. Бір жылдан кейін екі көзі мүлде көрмей қалды. Дені сау, жүгіріп жүрген 23 жастағы елгезек жігіттің су қараңғы өмірге үйренісуі оңай болмады.

-Алғашқы айларда достарыма көзімнің көрмей қалғанын айтпадым. Ештеңе болмағандай телефонмен сөйлесіп жүрдім. Бірақ жағдайым жақсы емес еді. Жарық дүниені көрмей қалудың қаншалықты қиын екенін түсіндім. Ешкімге білдіртпеуге тырыссам да достарым жағдайымды естіпті. Кафеге шақырды. Қолдау көрсететіндерін айтты. Олардың жылы сөзі маған демеу болды, -дейді Мұрат.

© ЭК
© ЭК

Адам бәріне үйренеді. Мұрат басына түскен қиындыққа мойымауға тырысты. Жас жігіттің күйзеліске түспеуіне көмсектескен адамның бірі — Назым.

Назымның туғаннан көзі көрмейді. Алматы қаласындағы Островский атындағы зағыптар және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп- интернатты бітіреді. Кейін Ақтөбедегі Қ. Жұбанов атындағы университетті музыка мамандығы бойынша тәмәмдайды.

-Жарық дүниені көрмей өмір сүру оңай емес. Бірақ өміріме өкпелеп, күйзеліске түскен емеспін. Маған бала кезімнен ата- анам, бауырларым, ұстаздарым қолдау көрсетіп келеді. Әкем университетке апарып, алып келетін. Ал мектеп интернатта оқып жүргенде ұстаздарым көп нәрсені үйретті. Пысық, көпшіл болуымызды, қиындыққа мойымау керектігімізді үнемі айтып отыратын. Қоғамдық жұмысқа белсене араластым.

Қыз баланың мақсаты –тұрмысқа шығу. Өзім сияқты тағдырлас адаммен бас қоссам деп ойлайтынмын. Сол тілегімді Алла қабыл етті. 2016 жылы Ақтөбедегі зағиптар қоғамына арналған түскі ас ұйымдастырылды. Осы жиынға қоғамның жаңа мүшелері келді. Мұратпен таныстым. Ертеңіне оған қоңырау шалып, жағдайын білдім. Ол жалғызсырамасын дедім. Кейін достығымыз махаббатқа ұласты, -дейді Назым.

© ЭК
© ЭК

Осы кездесуден кейін екі жас жиі сөйлеседі. Назым Мұратқа брайль, яғни нүктелі оқу әдісін үйретеді. Көзі көрмейтін жандарға арналған жаңа заманғы бағдарламаларды үйренеді. Танысқаннан кейін екі жыл өткенде жастардың Шымкент қаласындағы демалыс орталығына жолы түседі. Осы сапарда екі жас отбасын құруды ойлайды. Сөйтіп 2020 жылы шаңырақ көтерді.

— Алғашқыда "қалай келін боламын, енем мені қалай қарсы алады" деген ойлар мазалады. Бірақ Мұраттың анасы өзінің баласындай қабылдады.

дейді Назым.

Осыдан бір ай бұрын екі жастың тұңғышы өмірге келді. Назым Әдина есімді қыз баланы өмірге әкелді.

9 ЭК
9 ЭК

— Маған қарағанда Мұрат қызына қатты алаңдайды. Жыласа, "не болды, ауырып тұрған жоқ па" деп мазасы қашады. Қазір бізге ата-аналарымыз көмектеседі, қолдау көрсетеді. Өзім де бос отырғым келмейді. Сипалап, қарманып болса да шаруа істеуге тырысамын.

дейді Назым.

Ал Мұрат:

-Ең бақытты адам мен шығармын.

дейді.

© ЭК
© ЭК

Зағип болса да екі жас қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мұрат спортпен шұғылданады. Ол –жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы. Шахмат, дойбы секілді спорт түрлерінен де құр алақан емес. Зағиптар қоғамы ұйымдастырған шарадан қалмайды. Ақтөбе медициналық колледжінде зағиптарды массажға үйрететін бөлім бар. Жаңа өмірге мойынұсынған Мұрат осы оқу орнына түсіп, кәсіби маман атанды. Жеке кабинет ашып, тұрғындарға массаж жасау қызметін көрсетті. Індетке байланысты, қазір жеке кәсібі уақытша тоқтап тұр. Бірақ қаладағы емханалардың бірінде науқастарға массаж жасайды. Ал Назым -кәсіби әнші, жоғары білімді педагог.

Қазір жас отбасының қуанышын Әдина есімді сәби еселей түсті. Олар түрлі түсті әлемді көре алмаса да отбасының бақытын көріп отыр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров