Бүгін елімізде 150 мыңға жуық түлек мектеп бітірді

Express Qazaqstan

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Бүгін еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді. Ал олардың арасында 130 мыңнан астамы ҰБТ тапсырады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева мәлім етті, деп хабарлайды «Экспресс К».

2020-2021 оқу жылында 3,4 млн астам оқушы мектептерде білім алды. Олардың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты аяқтайды. 130 мыңнан астамы ҰБТ тапсырады. "Алтын белгіге" 9 822 оқу озаты үміткер болып отыр.

дейді БҒМ баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша соңғы қоңырау бүгін еліміздегі барлық мектепте, яғни 7440 білім ордасында аталып өтті.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бітіруші түлектерге құттықтауын жеткізді.

"Құрметті жас түлек! Алға қойған мақсаттарыңызға жетіңіздер. Батыл болыңыздар. Бәрі өз қолдарыңызда екенін естеріңізде сақтап жүріңіздер. Сөз соңында айтарым: өздеріңді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңдар. Сонда ғана толағай табыстарға жетесіздер! Өмірлеріңіздегі жаңа кезең құтты болсын, достар! Болашақта жаңа жетістіктерге жете беріңдер!" — деп министр құттықтады.

Министр құттықтау сөзінде мектеп бітіруші түлектерге арнап үш кеңес берді. Ол мұны Facebook парақшасында жазды.

"Біріншіден. Ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймау керек. Құласаң да қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу керек.

Екіншіден. Қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі. Ең бастысы — өз қателігімізді уақытылы түсініп, түзетуге тырысуымыз әлдеқайда маңызды. Барынша күш-жігерімізді салып, алған беттен қайтпағанымыз абзал.

Үшіншіден. Басқаларға қарағанда ерекше болудан ұялмаңыздар. Бойларыңызда жаңа әдеттер қалыптастырыңдар! Денсаулықтарыңды нығайтыңдар! Бүкіл әлем қарсы болса да, қайсарлық танытып, алған бағыттан қайтпаған жөн", — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров