Күтім үшін жаңа жәрдемақы тағайындалады

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Елімізде I топтағы мүгедек жандарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы қарастырылады.

Бүгінде елімізде І топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оларға күтім көрсететін жандарға жаңа жәрдемақы тағайындалады. Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов осындай ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды "Экспресс К".

Мәжіліс отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды.

"Құжатта I топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім көрсетушілер үшін жаңа жәрдемақы енгізу қаралған. Бүгінде I топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі жанның арасынан әрбір үшіншісі күтім бойынша жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтылмаған. Олар — басқа адамның көмегіне зәру, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандар. Осы орайда заң жобасын қабылдау нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім бойынша жәрдемақымен қамтылады. Қазір жәрдемақыны енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде", — деді министр.

Осылайша, депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров