Әке ізімен.....

Express Qazaqstan

Алексей Пименов

Ерлан Битановтың ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп келе жатқанына 18 жылдың төңірегі болды. Жастайынан шахтер болу, жер астына түсіп, хром кенін өндіру Ерланның көңілі қалаған кәсібі болса да, уақыт өте «әкесінің өндірістегі жолын жалғау» мақсатына айналарын кім білген... Білікті де байсалды ұңғымашы бүгінде цехындағы алдыңғы қатарлы бригадирлердің көшін бастап тұр.

"Битановтың бригадасы.." Құрамында 12 адамы бар Ерланның қазіргі бригадасы осылай аталады. Ерлан ең алғашқы еңбек жолын Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның тау-кен ұңғыма жұмыстары учаскесінен бастаған, деп жазады "Экспресс К"

ERG-дің бес құндылығын: қауіпсіздік, бірлік, жауапкершілік, даму, тиімділік. Осы ұғымдарды басты назарға ала отырып, әрекет етуге дағдыланған бригада ұжымы жылдар бойы үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Себебі, қай істі болмасын, осы құндылықтармен бастауды Ерланның өзі әдетке айналдырған.

Ауыл баласы қалаға келіп, кенді аймақтан алыстамай, қазіргі тау-кен колледжіне оқуға түсіп, алты ай Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтасынан өндірістік сараманнан өтеді. Сараман кезінде өзін қабылдап алған аға буындары жас баланың өндірістегі тәлімгерлері атанып, қанаты қатқанша саланың қыр-сырымен таныстырады.

Ең алғаш рет минус 160-горизонтқа түстім. Ол кезде мен студентпін. Жер астындағы тірлік маған сол кездегідей әлі де қызық. Әскерден келіп, қайта сол шахтаға барғанымда "Тамник" деген бригаданың қатарына қосылдым. Бір жылдай сол бригада құрамында болдым. Мүйізі қарағайдай мықты ұңғымашылардың мектебінен шықтым десем де болады. Одан соң Тағыберген Омаровтың бригадасында жүргенімде тағы бір бригада ашылды. Сондағы Жәнібек Жәртенов есімді бригадирдің қасында жұмысымды жалғастырдым. Міне, маған ұңғыма үйренушісі болып жүргенімнен бастап тәлімгерлік еткен осы кісілер. Олармен бүгінгі таңда әріптеспін. Одан әрі менің өндірістегі үлгі тұтар тұлғам — әкем, -дейді Ерлан.

Әскерден келіп, комбинатқа жұмысқа тұрғанында әкесі екеуі бір ауысымда болыпты. Дөң тау-кен байыту комбинатының тау-кен көлік тасымалдау цехында ауыр техникалардың жүргізушісі болған әке өзімен таңда жұмысқа бірге аттанатын ұлына көп нәрсені үйретіп кетті.

Әкеммен таңда бірге тұрып, үйден бірге шығамыз. Осылай үш жыл қатарынан бірге өз цехымыздың автобусына бір уақытта мінуші едік. Жұмыстан бір уақытта оралып, анамның кешкі дастарханына бас қосатын едік. Жұмыстың жай-жапсарын сұрап, жауапты әрі сауатты қызметпен өндіріске өзіндік үлесімді қосуымды жиі айтып отыратын әкем, — деп Ерлан толғаныспен сол кездерді еске алды.

Тоғыз ағайындының ішінде жалғыз өзі өндіріс жолында қалып, әке ізін жалғап келе жатқаны да содан болса керек. Бауырлары темір жол саласында, педагогика, мемлекеттік қызметте жүрсе, Ерланның өзі өндірістен қол үзбей келе жатыр. Болашақта ұлдары осы саланы таңдап келсе де қарсы еместігін айтады.

Еңбекті сүйіп өскен ұл өзінің жұмысқа адалдығының арқасында өндірісте талай жетістікке жетіп келеді. 2019 жылы металлургтер мерекесінде үшінші дәрежелі "Кенші даңқы" марапатын алып, қуанса, өткен жылды "Сила Казхрома" корпоративтік премиясымен де марапатталды. Мұндай жетістікке не себеп деп ойлайсыз?Әрине, тынымсыз еңбек!

Ерланның өз қызметіне қаншалықты жауапты екенін басшылық та мойындап отыр. Жұмыс пен отбасыға көп көңіл бөліп, бос уақытын балаларының тәрбиесіне арнайтын Ерлан Битановтың азамат ретінде ауыз толтырып айтар қасиеті жетерлік.

Сабырлы, асықпай сөйлеп, ойланып шешім қабылдайтын байыпты бригадирдің өндірісте ұжымымен шыңыраудағы шыңдарды бірге бағындыруға ниеті зор.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров