Қазақстандағы киіктердің саны 800 мыңнан асты

Экспресс К

© Ростислав МАШИН

Елімізде киіктер саны екі жылда 334 мыңнан 842 мыңға жетіп, екі есе көбейді,- деп хабарлайды "Экспресс К"

"Бұрын хабарланғандай, киіктер саны соңғы рет 2019 жылы тіркелген. Былтыр пандемияға байланысты есеп жүргізілген жоқ. Жаңа деректер есепті қалпына келтіру нәтижесінде алынды. Киіктердің популяциясын сақтау мен браконьерлікке қарсы қабылданған іс- қимылдардың тиімді көрсеткіші — осы жануарлардың екі жыл ішінде екі есеге көбейгені", -деп мәлімдеді Экология, геология және табиғи ресрустар министрлігі.

Қазақстанда киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы мекендейді. Бұл жануарлардың Дүниежүзілік популяциясының (Saiga tatarica tatarica) 90% — тен астамы елімізге тиесілі.

Айта кету керек, өткен жылдарда киіктер санының азаюына байланысты Үкімет олардың популяциясының жойылып кетуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын.

Киіктер саны ХХ ғасырдың 90 жылдарының соңында 1 млн — нан 2003 жылы 21 мың басқа дейін азайды. Осыған орай 2005 жылы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөніндегі алғашқы бағдарлама қабылданды.

Төлдеу, қыстау және көші-қон кезеңінде киіктер шоғырланатын негізгі жерлерде оларды қорғаудың тиімділігін арттыру үшін "Ырғыз-Торғай" және "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваттары құрылды.

2019 жылы браконьерлік үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі қатал жазаларды көздейтін заңнаманы қатаңдату бойынша шаралар қабылданды.

Бұдан басқа, елімізде жыл сайын кең ауқымды "Ақбөкен" табиғатты қорғау акциясы өткізіледі. Оның шеңберінде Экология министрлігі мен құқық қорғау органдары төлдеу және лактация кезеңінде киіктерді қорғауды күшейту, сондай-ақ ел аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асырады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров