Шарындағы лай көшкінінен мектеп оқушылары зардап шекті

Экспресс К

Бейнеден кадр

Тауда тағы бір қайғылы жағдай. 29 мамыр, сенбіде Шарын шатқалының төменгі бөлігінде болған лай-тасқыны салдарынан кімдердің зардап шеккені белгілі болды.

Күн бұлттанып бұршақ аралас жауған қатты жаңбырдың салдарынан лай көшкіні болды. Осы кезде Шарын шатқалына арнайы топпен алматылық мектеп оқушылары серуендеуге келген. Кейбір мәліметтерге қарағанда барлығы 60 адамдай болған, араларында жол көсетіп жүрген мұғалімдер де бар.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, селдің ені шамамен 6 метр, биіктігі 1 метрдей болған және ұзындығы екі шақырымға жуық. Сел Шарын өзеніне қосылып, жаңбырдан кейін су деңгейінің көтерілуіне айтарлықтай әсер еткен.

Лай көшкіні болған сәттің видеосы кейінірек әлеуметтік желілерге тарап кетті.

Қазіргі уақытта жәбірленушілер арасында екі мұғалім бар екені анықталды. Қайтыс болғандардың арасында Алматыдағы №199 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы мен 26 жастағы адам бар. Ол кіммен келді және мектепте істей ме, жоқ па оны тергеу жұмыстары анықтайтын болады. Тағы бір қыз хабар-ошарсыз кетіп отыр, ол да 5-сынып оқушысы. Бүлдіршін лай тасқыны болғанда шыға алмай қалғанға ұқсайды, әзірге құтқарушылар мектеп оқушысын таба алмады.

Ертең ауа-райы қалыпты болса "Қазақ селден қорғау" мекемесінің МИ-8 екі тікұшағы және "Қазақ әуе құтқару" мекемесінің еврокоптері іздеу жұмыстарына жұмылдырылады, — дейді Алматы облыстық ТЖД басшысы Асқар Тойшыбеков. Олар баланы ағызып алып кеткен Шарын өзенінің арнасын шолып шығады.

Іздестіру жұмыстарына облыстың төтенше жағдайлар департаментінің 30-дан астам қызметкері, жедел құтқару жасағының 11 адамы, оның ішінде екі кинологиялық экипаж қатысып жатыр.

Қазіргі уақытта табиғи апат салдарынан 9 адам зардап шекті. Олардың алтауы жараланып, екеуі көз жұмды, біреуі із-түзсіз кетіп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров