37 бас ірі қараны 21 млн теңгеге сатып жібергендер ұсталды

Диас АЛТАЙ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Түркістан облысында құны 21 миллион теңге тұратын ірі қараны сатып жіберген күдіктілер ұсталды деп хабарлайды "Экспресс К".

Polisia.kz мәліметінше қылмыс Сайрам ауданында болған. Осы өңірде мал шаруашылығымен айналысатын азамат 37 бас бұқасын Қырғызстанға сату үшін бейтаныс екі адамға сеніп тапсырған.

Алайда әлгі екеуі бес күн өтсе де не ақшаны не малды иесіне қайтармаған. Осыдан секем алған кәсіпкер бірден полицияға шағымданыпты. Тергеу барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, олар Шымкент қаласында жасырынып жүрген жерінде ұсталған.

Бөтеннің мүлкін жымқырғандар тағы үш сыбайласымен бірлесіп құны 21 миллион теңгеге бағаланатын бұқаларды Сайрам ауданындағы басқа біреулерге арзан бағамен сатып жіберген.

Ақшаны қалталарына басып, жеке қажеттіліктеріне жаратып үлгеріпті. Қазір өзгенің малын талан-таражға салған күдіктілердің екеуін қамауға алынып, қалған үшеуіне іздеу жарияланды.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары сатып алған тұрғындардан ірі-қара малдың 26 басын айғақ зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров