Жастармен тең жүреді, тіпті дес бермейді

Экспресс К

фотосуреті - Ұлан Сыдықов

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тепловоз машинсті Жәнібек Жукин биыл 59-да. Алайда, оның жасаған жаттығуларын кез-келген жалындаған жас қайталай алмайды. Ол белтемірге 25 рет тартылады, 25 келілік кір тасын 30 рет басынан асыра көтеріп, қыстыгүні мұзойыққа түседі, деп жазады «Экпресс К»

Бүгінде 59 жастағы зауыт қызметкері ұжымына үлгілі спортшы. Ол белтемірге 25 рет тартылып, қолды бүгіп-жазып, кеудені 60 рет серпе көтеріп, 47 секундта 50 метр жүзіп шықты. Осылайша, екі жыл бұрын ол көпсатылы сайыста зауыт бойынша екінші орынға қол жеткізді. Бір кезде жас жігіт онымен жарыспақ болып бәстесіпті. Өз-өзіне сенімді болған жас маман үлкен кісінің мүмкіндігіне күмән келтірген. Сөйтсе, жас жігіт бар болғаны он-ақ рет тартылды. Ал Жәнібек 18-ші рет тартылып жатқанда, әлгі жігіт уағдаласқан сөзінен айнып, "уақытым жоқ" деп кетіп қалып, елді күлкіге қарық қылғаны бар.

Айта кетелік, машинистің спортқа деген қызығушылығы әскер қатарында борышын өтеп жүргеннен басталған.

1980-1982 жылдары ГДР-де әскери қызмет атқардым. Ротада жалғыз өзім қазақ болғаннан кейін осал емес екенімді көрсетуге тырыстым. Жаттығулар жасап дайындалдым. 1981 жылы роталар мен батальондар арасында жарыс өтті. Сонда мен белтемірде көтеріле төңкеріліп 54 рет жасадым. Бәрі аң-таң. Ал басқа ротадағы Қуанышқали есімді оралдық жігіт маған жүгіріп келіп, "Қазақтың намысын жібермедің",-деп жылап жіберді. Содан бері спорт факультетіне оқуға түссем деп ойладым, — дейді зауыт қызметкері.

Алайда, ол әскерден келген соң денсаулығы сыр берген әкесіне қарауға мәжбүр болды. Жоғары оқу орнына түсу арман боп қалды. Кейін үйленіп, отбасын асырау үшін жұмысқа тұрады. Қазақстанның теміржол саласында 15 жылдай қызмет атқарды. Ал зауытқа 1999 жылы жұмысқа тұрды. Содан бері кәсіпорынның беткеұстар маманы атанып, әріптестерінің сенімін де, үмітін де ақтап келеді.

Теміржол цехындегі электр қуатымен жүретін алғашқы тепловозды маған тапсырды. Мұны мақтан тұтамын. Бұл зор жауапкершілік, яғни маған артқан мол сенімнің дәлелі. Жалпы, зауытқа алғысым шексіз. Осы кәсіпорынның арқасында төрт баламды оқыттым, тоқыттым, қатарынан қалмайтындай етіп тәрбиеледім. Жұбайым да зауыттағы энергоцехта еңбек етеді. Үлкен балам "Қазхромда" IT саласын дамытып жүр, — дейді Жәнібек Жұмабайұлы.

Маманның іскерлігі таңғалдырады. Себебі қатал тағдыр оны ерте есейтті. Анасынан 6 жасында айырылып, жастайынан жетімдіктің қасыретін тартқан Жәнібек буыны қатпастан жұмысқа ерте араласты. Алты баланы бағып отырған әкесіне көмектесем деген Жәнібек ала жаздай қырда қой бағып, қызу еңбек ететін.

Алты баланы бағу оңай шаруа емес. Әкемнің өзі теміржолшы, жұмыстан шаршап келетін. Бала кезімізден шаруаны өзіміз тындыратынбыз. Мектеп бітіргелі бірден жұмысқа тұрдық. Бәлкім, еңбекқор болғаныма осы әсер еткен шығар. Қазір де түнгі ауысымнан шықсам да, үйде бос жатпай, екі күн бойы 10 сотық жерде бау-бақша өсіремін. Мен жұмыста болсам, жұбайым немесе балаларым бақшаға қарап қояды. Есесіне көпқабатты үйде тұратын балаларымды азық-түлікпен қамтамасыз етемін. Жұмыртқа мен ет сатып алудың қажеті жоқ, — деп күледі зауыттың тепловоз машинисті Жәнібек Жукин.

Жастық шағындағы қиындықтарына қарамастан Жәнібек өткенге еш өкінбейді. Керісінше, тағдырға ризалықпен шүкіршілік етіп, бар білгені мен жиған-тергенін 11 немересіне арнап жүр.

Немерелеріме үлгі болу үшін үйде кір тасын беліме байлап, белтемірге тартыламын. Олардың еңбекке деген ынтасы оянсын деп өнеге болуға тырысамын. Мәселен, маған еліктеген немерем шетелде көркем гимнастикадан жүлделі орын алды. Баланың саналы боп қалыптасуы, өсіп-өркендеуі отбасынан басталады, — дейді тепловоз машинисті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров