Қазақстанда 2022 жылы балалардың әл-ауқатының индексі енгізіледі

Экспресс К

primeminister.kz

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды «Экспресс К»

Отырыста осы мәселеге байланысты Білім және ғылым министрі — Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі — Алексей Цой, Ішкі істер министрі- Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ кеңсесінің жетекшісі Артур ван Дизен баяндама жасады.

Олар келтірген дерек бойынша, 2020 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық актілер жасалып қабылданған. 2020-2023 жылдарға арналған баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу үшін Жол картасы бекітілді. Лаңкестік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту ережелері мен шарттары қабылданды. Сондай-ақ 2022 жылы елімізде балалардың қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, білім, материалдық әл-ауқат және балалардың әлеуметтенуі мәселелерін қамтыған қазақстандық балалар әл-ауқаты индексін енгізу жоспарлануда. Бұл индекс балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалайтын болады.

Үкімет басшысы көшеде, білім беру ұйымдарында, демалу кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты Мамин екі апта ішінде білім беру және демалыс нысандарын тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бойынша Жол картасын дайындауды тапсырды. "Бейнебақылау жүйелеріне және олардың Полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, "дабыл түймелерін" орнату және жедел жауап беруге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмыстардың барлығы оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы керек", — деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге балалар арасындағы аурудың алдын-алу және оңалту, бала кезден ауруға шалдыққан балаларды кешенді түрде емдеу бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын дамыту және скрининг бөлмелерінің, балалар үйінің, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын дамыту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын көбейту бойынша шаралар қабылдау керектігін атап өтті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров