2025 жылға дейін 10 медициналық нысан салу жоспарлануда

Экспресс К

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Түркістан облысы еліміздегі медициналық туризм орталықтарының біріне айналады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі – А.Цой үкіметтің отырысында атап өтті, деп хабарлайды «Экспресс К».

"Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңірде 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Оның ішінде 7-еуі Түркістан қаласында салынса және үш нысан Арыс және Сарыағаш қалаларында салынады"- деді сала басшысы.

Министрдің баяндауынша бүгінгі таңда Түркістан облысында бала туудың ең жоғары көрсеткіші Сарыағаш ауданында тіркелген. 2020 жылы ол 1000 тұрғынға 31,9-ды құрады. Сондықтан өңір үшін маңызды нысан болып табылатын — Сарыағаш қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан 240 төсектік перинаталдық орталық салу күн тәртібіне кіріп отыр. Орталықтың ашылуы Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы жүкті әйелдерге білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін болады. Айта кету керек, бұл аудандарда халық саны 723 926 адамды немесе облыс халқының жалпы санының 35% — ын құрайды. Сондай-ақ, бұл аудандарда 21 508 бала туу дерегі тіркелген. бұл облыс бойынша босанудың жалпы санының 36%-ын құрайды. Сонымен қатар, Кешенді даму жоспары аясында Арыс және Сарыағаш қалаларында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын екі типтік емхана салу жоспарлануда.

Түркістан қаласында тағы жеті медициналық нысанды іске асыру жоспарланған. Бүгінде YDA компаниясы облыс тұрғындары мен қонақтарына жоғары технологиялық қызмет көрсететін "570 төсектік облыстық көпбейінді аурухана құрылысы" мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр.

Сондай-ақ, 190 төсектік облыстық балалар ауруханасын салу, 500 келушіге арналған қалалық емхана мен Түркістан қаласында Симуляциялық орталық салу да жоспарлануда.

"Бұл орталықта дәрігерлер біліктілікті арттыру мен қатар нақты клиникалық жағдайларда практикалық дағдыларды пысықтаудан өтетін болады. Жоғары медициналық технологияларды оқытуды әртүрлі модельдерде, тренажерлар мен виртуалды симуляторларда жүргізу жоспарлануда, бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметінің процестерін, және өзге де аспектілерін шынайы модельдеуге мүмкіндік береді", — деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бүгінгі таңда қалада халыққа білікті амбулаториялық стоматологиялық көмек көрсету үшін стоматологиялық емхана жоқ екенін де атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін бір ауысымда 300 адам қабылдайтын стоматологиялық емхана салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Түркістанда жедел медициналық жәрдем станциясы бар, бірақ ол типтік емес ғимараттарда орналасқан. Осыған байланысты, 25 бригадаға арналған жаңа станция салу және H.H. Sheikh Mohamed Bin Zayed Al Nahyan қорының қаржысымен ана мен бала орталығының құрылысы жоспарланып отыр.

"Салынған нысандардың құрылысы 280 млрд инвестиция тартуға, ана мен бала өлімін азайтуға, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, 2779 жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді кезеңге жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров