Алматы тауларында туристер түнейтін баспаналар салынады

Диас АЛТАЙ

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігі үшін "дабыл" батырмалары, Wi-Fi және дәрі салынған қобдишалары бар кішігірім баспаналар орнатылады деп, хабарлайды «Экспресс К».

"Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз және жайлы демалысы үшін дұрыс жағдай туғызу жоспары әзірленді. Таулы маршруттардың алыс учаскелерінде жаздың соңына дейін туристер паналай алатын 15 баспана салынады. Сондай — ақ, құтқару отрядтарына сигнал берудің "дабыл" батырмалары бар 10 радиорелейлік діңгек орнатылады",-деді Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді.

Туристер ол жерде түнеп, қолайсыз ауа-райы кезінде жылынуға мүмкіндік алады.

Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында құтқарушылар жасағы тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ Тұйық-су шатқалында тікұшақ алаңы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, маршруттарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

"Бүгінде 500 шақырым жол абаттандырылып, 1 мың шақырым тау жолдары цифрландырылды. Бағыттар бойы 26 ақпараттық стенд, 154 көрсеткіш, 80 ақпараттық қалқан, 14 ақпараттық бағана, 163 орындық және 68 күрке орнатылды. Барлық навигациялық стендтерде QR — кодтар бар, онда туристер маршруттың қаншалықты күрделі, ұзақ екендігімен таныса алады", — деді Сабина Амангелді.

Туризм басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда мегаполиске іргелес тау шатқалдарына қала тұрғындары мен қонақтары келе бастады. Тау туризміне деген қызығушылық әсіресе пандемия кезінде артқан.

Іле Алатауы тауларындағы Іле-Алатау ұлттық паркі демалыс үшін сүйікті орын болып саналады. Мысалы, тек сәуір және мамыр айларында онда 77 мыңнан астам адам барған. Сонымен қатар, 2021 жылдың басынан бері таудағы жедел-құтқару жасағының мамандары 26 адамды құтқарды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров