Жер заңнамасына жаңа өзгерістер енгізілді

Экспресс К

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «Экспресс-К» тілшісі.

"Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды. Жер комиссиясының құрамына 80 адам кірді. Олардың 75 пайызы азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар болды", — деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Биыл 25 наурызда жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысқа кірісіп, 24 сәуірде жұмысын аяқтады. Осы аралықта комиссияның 5 отырысы өткізіліп, 120-дан астам ұсыныс айтылып, жер заңнамасына байланысты бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді. Комиссияның осы ұсыныстарын іске асыру мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы дайындалды.

Заң жобасындағы негізгі өзгерістері мен толықтыруларда көрсетілгендей, қазақстандықтарға және елміздегі заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 49 жылға дейін жалға беріледі және уақыты аяқталған кезде жаңа мерзімге ұзартуға мүмкіндігі бар. Мұнда халықтың мұқтажы да ескерілген. Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасы айқындалады. Жаңа заң жобасында ашықтыққа дә мән берілген. Яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтер мемлекеттік жер кадастрының интернет-ресурсында ашық түрде орналастырылады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады.

Осылайша әзірленген заң жобасын қабылдау бірнеше бағытта оң нәтижесін беретініне сенеміз дейді министрлік өкілі. Осыған орай Президент Үкімет алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Соның ішінде агроөнеркәсіпті кешенді дамытудың 10 жылдық ұлттық жобасын қабылдап әрі іске асыру басты назарда .

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров