Азаматтарды 185 миллион теңгеге алдап соққан алаяқ сотталды

Оскар БЕК

pxhere

Алматыда осыдан екі жыл бұрын 64 адамның 185 миллион теңгесін алдап қалтасына басқан Дилфуза Алдабергенова сотталды, - деп хабарлайды "Экспресс К".

Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің қылмысы толық дәлелденді. Алмалы аудандық сотының судьясы Д.А. Алдабергеноваға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы және ҚР ҚК-нің 217-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

"Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғанындай, 2018 жылдың маусым айынан бастап 2019 жылдың қыркүйек айына дейін Алдабергенова әлеуметтік желілер арқылы инвестициялық жобаның ашылатынын жариялады. Жобаның мақсаты букмекерлік кеңселерге, сондай-ақ, әр түрлі бизнес-жобаларға ақша салу арқылы қаражатты көбейту болды. Осылайша, салымшылар 30% және 50% пайда табу үшін банк карталары арқылы ұйымдастырушыға және басқа адамдарға қаражат аударды, бірақ кейіннен ешқандай пайда таппады. Алдабергенова алған қаражатты қайтарған жоқ. Тергеу барысында күдікті ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды", — деді, Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров