Сыр өңірінде қуаңшылықтан шаруалар шығын көріп отыр

Экспресс К

Facebook / Уәлихан Жұмағұлов

Қызылорда облысының Арал ауданында қуаңшылық салдарынан 481 бас мал қырылып қалды.

Арал өңірінің ахуалы ауыр болып тұр. Алдымен Сырдариядан келетін су тапшылығының азабын тартты. Оған қоса қыс пен көктем мезгілдерінде жауын-шашын аз түсті. Осының салдарынан шөп шықпай қалды, деп хабарлайды "Экспресс-К".

Жерде от болмағандықтан төрт түлік қырылуда. Ауданда барлығы 481 мал өлген. Оның ішінде 321-і жылқы болса, 159-ы — сиыр, біреуі — түйе. Мұндай келеңсіз көрініс аудандағы 8 елді мекенде байқалған.

Facebook / Уәлихан ЖұмағұловFacebook / Уәлихан Жұмағұлов
Facebook / Уәлихан Жұмағұлов

"Айта кетейік, өлген малдарда ешқандай жұқпалы ауру белгісі байқалған жоқ. Оны ветеринарлар анықтап, тиісті хаттама жасады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу қадағаланады. Бұл орайда кезекшілік ұйымдастыру қолға алынып отыр. Оған ауыл тұрғындары, еріктілер, жедел құтқару жасағы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары енгізілген. Малға арнайы бақташылар бекітуге назар аударылды", — деді аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Оның айтуынша, қазір жем-шөп қорын жасақтауға баса назар аударылуда. Осы орайда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен өңірдегі Аралмен іргелес жатқан өзге аудандардан аталған мәселеге байланысты келісім жасалуда. Қазірге дейін ауданға барлығы 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді. Алдағы күндерде бұл бағытта 518 тонна жоңышқаға тапсырыс берілген. Сондай-ақ, аудандағы бірқатар шаруашылықта биыл жоңышқа көлемін арттыруға назар аударылды.

Қуаңшылық салдарынан кейбір шаруалардың төрт түлік басын азайтудан өзге амалы қалған жоқ. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қойын нарық бағасынан төмен сатуға мәжбүр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров