Төрешілер бармақ басты, көз қыстыға жол берген

Оскар БЕК

Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

AIBA халықаралық бокс қауымдастығы Дубайда өткен чемпионатта бармақ басты, көз қыстыға салған төрешілердің біржақты шешімін тексеруді міндеттеді,-деп хабарлайды Экспресс-к, Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша, жемқорлыққа жол беріп, шын мықтыны сүріндіруге тікелей түрткі болғандардың әрекеті әшкере болса, онда қазақ боксшыларымыз жеңіс тұғырынан қайтадан көрінуі мүмкін.

"AIBA Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатында белгілі бір жекпе-жектермен байланысты төрелікте туындаған ықтимал проблемалар мен айыптаулар жөнінде хабардар. AIBA мұндай айыптауларға өте байыпты қарайды. AIBA бірнеше ұлттық бокс федерацияларымен өзара әрекеттестіктен кейін, төрешілер комитеті барлық тиісті тағайындалған лауазымды тұлғалардың жұмысына жедел тергеу жүргізетінін күтеді және бұл жағдайда жауап беру керек пе, жоқ па, соны анықтау үшін AIBA-ның Тәртіптік комитетіне өз тұжырымдары туралы мүмкіндігінше тезірек хабарлайтынынан үмітті. Мұндай жағдайда Тәртіптік комитетке құзыреттіліктің жетіспеушілігіне, манипуляцияға немесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты дұрыс емес шешімдер қабылданған-қабылданбағанын анықтау үшін дереу тәуелсіз сараптама жүргізуге құқық беріледі. Президент Омар Кремлевтің жаңа басшылығымен AIBA бокс төрелігі мәселелерін тәуелсіз сараптама арқылы шешуге ниетті екенін айқын көрсетті. Рио-2016 турнирін қоса алғанда, алдыңғы мәселелерге толық тәуелсіз тергеу жүргізу тапсырылды. Әділетсіз айқастарға кінәлі деп танылған кез келген лауазымды тұлға AIBA жарыстарына қатысу құқығынан біржола айырылады. Президент Кремлев және AIBA-дағылар барлық боксшыға әрқашан да әділ жекпе-жек өткізуге мүмкіндік берілуін қамтамасыз етуге дайын. Бұдан кейінгі жаңалықтар тергеу және реформа процесінің негізгі кезеңдері аяқталғаннан кейін жарияланады", — делінген AIBA ресми мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бокс десе ішкен асын жерге қояр жанкүйерлеріміз 2021 жылғы Азия чемпионатының финалында мықты жұдырықтасқан бес боксшымыздың бірде біреуі әділетсіздіктен жеңбегеніне күйінген еді. Енді ол олқылықтың орны толуы мүмкін. Әліптің артын бағамыз.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров