СҚО

СҚО-да бүтін бір ауыл ауыз судан уланды (видео)

Диас АЛТАЙ

© ЭК

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылы тұрғындарының ауыз судан уланғаны расталды, деп хабарлайды «Экспресс-К».

Бұған дейін жергілікті жұрт құбырдағы тіршілік нәрінен диарея, құсу, дене қызуы көтерілу сынды ауруларға душар болдық деп шулаған еді. Осы айқайдан кейін судан сынама алған мамандар оның ластанғанын растаған. Сондықтан санитарлар ауыз суды тек қайнатып ішуге кеңес береді.

15 мың халқы бар Бескөл ауылы екі құбырдан су ішеді екен. Үш күн бұрын сол тозығы жеткен құбырдан лай су аға бастаған. Тұрғындар оны амалсыз тұндырып ішіпті. Артынша көбінің іші ауырып, дене қызуы көтереліп, ауруханадан бір-ақ шыққан.

Үш ішіміз, бәрі ауырып жатыр. Осы судан ғана көреміз, судың лайлығы, ішінде тұнып қалатын тұнбасына дейін бар. Сол себептен балаларымыз, үй-ішімізбен ауырып жатырмыз. Екі баламның бірдей температурасы көтеріліп, 39-ға дейін жетті,

дейді ауыл тұрғыны Күміс Меңбай.

Соңғы үш күнде ауыз судан уланған 130 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Қазір ауруханада 18 науқас ем алып жатыр. Оларға анықталмаған энтеровирустық инфекция диагнозы қойылды. Іс насырға шапқанда ғана атқамінерлер ауылдағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдай бастады. Судан сынама алған мамандар оның ластанғанын анықтады. Бірақ қандай инфекцияның тарағанын дөп басып айта алмай отыр.

"Бактериялық көрсеткіштер өте жоғары болып шықты. Жалпы микробтық саны да жоғары. Бір миллилитрда 50 болуы тиіс болса, одан асып тұр. Бұл судың қатты ластануының белгісі. Барлық жағынан көрсеткіш жоғары, оны бірден анықтау мүмкін болмай тұр", — деді Қызылжар ауданының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жангелді Ибраев.

Жаппай уланған ауыл тұрғындары ауру тараған ескі құбырды ауыстыруды талап етіп отыр. Ал, атқамінерлер күзге дейін су жүйесін жаңалауға немесе ішін хлормен тазартуға уәде етті. Оған дейін тұрғындар тіршілік нәрін тек қайнатып ішуге мәжбүр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров