Жасыл желекті жұлдызқұрт жеп жатыр

Диас АЛТАЙ

Әлеуметтік желіден

Ақтөбеде зиянкестер орман-тоғайдағы ағаш жапырағын жаппай отап жатыр деп хабарлайды «Экспресс К». Жасыл желектің түгін қалдырмай, тал-теректерді құрт басып кеткен. Енді 2-3 күнде улап үлгермесе жұлдызқұрт ағаштарға ұялап, дернәсілін тастап үлгереді екен.

Ел арасында "көбелек құрты" деп аталатын зиянкес әсіресе көктеректің жапырағына өш екен. Бір талдың жапырағын айналдырған жарты сағат ішінде жоқ қылатын көрінеді. Түкті қырықбуын Мәртөк ауданындағы Родниковка, Березовка ауылы маңындағы тоғайлардың жартысын отап үлгерген. Қаптаған құртты алғаш көрген орманшылар сол бойда құзырлы мекемелерді хабардар етіпті.

Бір жетінің ішінде жапырақтарын жеп тастап жатыр. Уламаса енді жайылып жей береді ғой. Бірінші рет көріп тұрмын мұндай құртты

дейді орманшы Қуантхан Тастыбаев.

Құрттың қаптауына қуаңшылық пен аптап ыстық себеп болған. Енді бірер күнде уламаса аймақтағы жасыли желектің түгі қалмайды, деп отыр мамандар. Ал қазынадан ол үшін ақша қарастырылмапты.

"Зиянкестерді улауға қаржы қарастырмаған едік. Өйткені, соңғы он бес жылда мұндай жағдай облыста тіркелмеді. Енді акт, хаттама толтырып, республикалық бюджеттен қаржы сұрап жатырмыз. 2-3 күн ішінде уламаса құрт дернәсілін тастап үлгереді және жайылып кетуі мүмкін,"- деәді облыстық орман шаруашылығының инженері Роман Титов.

Жұлдызқұрт өсіп жетілгенде көбелекке айналады. Ағашқа дернәсілін ұялап тастаса, одан 1500 құрт пайда болады екен. Мыңдаған гектар орман-тоғайды қолмен улау мүмкін емес. Сондықтан мамандар химиялық қоспаны тек ұшақпен шашу керек дейді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров