ІІМ көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жазаның күшейтілгенін ескертті

Экспресс К

pxhere

Жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндеп алғаш рет ұсталса, бірден 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады, деп хабарлайды «Экспресс К».

Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженовтің айтуынша, бұрын бұл жаза 3 жыл болған.

Мемлекет басшысы 2019 жылы мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерге қатысты жазаны күшейту туралы тапсырма берген болатын. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап жаңа талаптар күшіне енді. Жаңа заң талаптарына сәйкес, мас күйінде көлік құралын басқару үшін әкімшілік және қылмыстық жаза күшейтілді.

"Сонымен қатар әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізіледі. Ол — қамауға алу. Оны міндетті түрде қолданады. Жүргізуші мас күйінде алғаш рет ұсталса да, 15 тәулікке қамауға алынады. Жол апаты кезінде адамдардың денсаулығына зиян келмесе, бірақ матералдық шығын болған жағдайда әкімшілік қамауға алу мерзімі 20 тәулікке ұзартылады. Мас жүргізуші 7 жылға куәлігінен айырылады", — деді Тәженов.

Бұрын осы санаттағы құқықбұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 4 жыл болып, қамауға алу қолданылмаған.

Оның айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылған адам бір жылдың ішінде рөлге тағы отырса, 20 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Ал мас күйінде ұсталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеліп, оған қоса, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін. Сол сияқты жол апатына түскен жағдайда 8 жылға түрмеге қамалады,

деді Тәженов.

Ол оқиға салдарынан кісі өлімі тіркелсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ медициналық тексерістен бас тартқаны үшін жаза күшейтілген. Жүргізушілер бірден 8 жылға куәлігінен айырылады. Бұрын бұл мерзім 3 жыл еді. Сосын 15 тәулікке қамалады.

"Бүгінде көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілсе де, кейбір адамдар ондай әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбей, рөлге мас күйінде отыруды қояр емес. Ондай адамдар жол апатына да жиі түседі. Осыған байланысты көлік жүргізушілерін жол жүру ережесін қатаң сақтауға, ал қоғамды көлікті мас күйінде жүргізу фактілері туралы бірден хабар беруге шақырамыз", — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жыл басынан бері мас күйінде болған жүргізушілердің қатысуымен 149 жол апаты тіркелді. 208 адам зардап шексе, 31 адам көз жұмғанын айта кету керек.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров