Нұр-Сұлтан

Оқушылар кварц шамынан күйік алды

Экспресс К

Pixabay

Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен емтихан кезінде кварц шамы 1,5 сағат бойы қосылып тұрған. Салдарынан 4 оқушының көзін күйік шалған. Енді осы факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Экспресс К».

"Кварц астында болғаннан кейін денсаулық жағдайына шағымданған мектеп оқушылары "103" желісімен №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Ауруханаға түскен 4 баланы да арнайы дәрігерлер қарап шықты. Олар 2004 жылы туған үш бала және 2005 жылғы бір бала. Барлығында жеңіл дәрежедегі электроофтальмия (көз алмасының зақымдануы) бар", — дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

"Балалар тексерістен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге үйлеріне жіберілген және 8 — маусымдағы емтиханнан балалар босатылған. Емдеу мен оңалтуға байланысты барлық шығындарды білім ұйымы өтейді, ал кінәлілер жазасын алады", — делінген білім беру ұйымының сайтында жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде бактерияға қарсы шамдарды дұрыс қолдану туралы қосымша нұсқаулар беріледі. Ал қазіргі уақытта оқиға болған мектепте осы тіркелген факті бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров