Автожолдардың тағы бес учаскесінде ақылы жүйе енгізіледі

Экспресс К

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Биыл бірінші санаттағы автожолдардың бес учаскесінде ақылы жүйе енгізіледі, деп хабарлайды ЭК "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақылы жолдарды "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" (Қайнар — Тараз, Тараз — Шымкент, Шымкент — Қызылорда, Шымкент — Ташкент), Щучинск — Көкшетау, Қапшағай — Талдықорған (Талдықорған қаласын айналып өтетін жол), Нұр-Сұлтан — Павлодар, Ақтау — Жетібай — Жаңаөзен учаскелерінде, Нұр-сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларын айналып өту учаскелерінде енгізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта осы аталған әрбір учаскеге комиссия жіберілмек. Жол жүру ақысы жол параметрлері мәлімделген техникалық санаттарға толық сәйкес келгеннен кейін ғана алынатын болады. Ал, жаңа учаскелердегі төлем тарифтері қолданыстағы ақылы жолдардағыдай қалады.

"Жол жүру құнын арттыру көзделмеген, жеңіл автомобильдер үшін 1 шақырымға 1 теңге. Жергілікті жеңіл көлік үшін 1 000 теңге бағасы бойынша жылдық жеңілдікті абонемент беру көзделген. Автобустар үшін ақы орын санына байланысты бір шақырымға 5 теңгеден 15 теңгеге дейін. Бұл ретте қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемнен босатылған. Жүк көліктері үшін жүк көтерімділігіне қарай бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін", — делінген ақпаратта.

Сондай — ақ, ақылы жолдарды салу шеңберінде жол бойындағы инфрақұрылымды-демалыс және тұрақ орындарын, қонақ үйлерді, супермаркеттерді, дәретханаларды, дәріханаларды дамыту көзделген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, маусым айынан бастап ұзындығы 5,8 мың шақырым республикалық маңызы бар 18 жол учаскесі ақылы болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда төрт ақылы жол бар: Нұр-Сұлтан — Щучинск, Нұр-Сұлтан — Теміртау, Алматы — Қапшағай, Алматы — Қорғас. 2020 жылы одан түскен алымдар 5,746 млрд теңгені, 2021 жылдың I тоқсанында — 1,153 млрд теңгені құрады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров