Жаңа қызмет алған Божконың қандай сөздері есте қалған еді?

Экспресс К

Владимир Божко / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

Кей сөздерімен басы дауға қалып жүретін Владимир Божко осы айдың басында жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол – Кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы, бақылау кеңесі төрағасының орынбасары.

Ал мұның алдында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарлығынан зейнеткерлікке шыққан болатын. Биыл жаңа шақырылымдағы Парламент келгеннен кейін қызметінен кетті.

Сол кезде Божко: Болды, мырзалар, қойыңыздар. Біреулер мені үнемі зейнеткерлікке шығарып салып қоймаушы еді. Мен кеттім,

деді.

Жалпы, ол Мәжілісте жүргенде кей сөздерімен басы дауға қала беретін.

Мысалы, 2019 жылдың қыркүйегінде былай деді: "Биліктің жасап жатқан ісін көре білу керек қой. Үш жылда халықты әлеуметтік қолдау көрсіткіші 17 есеге өскен. Сол үшін ғана, кешіріңіздер, мемлекетке тізерлеп тұрып рахмет айту керек. Ештеңе істемей жатып алып, "маған бәрін әкел" дей беретін адамды қоғам болып мал қораға апарып қою керек".

Бұл сөздің арты дауға айналған соң Божко: Мен масылдық туралы айтып едім. Ешкімді режіткім келген жоқ,

деді.

Содан екі жыл бұрын ауылдан қалаға жастардың келуін бақылау керек деген мағынада айтқан сөзі де біраз әңгімеге өзек болды. Мұны жұрт тыйым керек деп ұққандай.

Ол кезде де Владимир Божко өз уәжін жеткізді.

"Тыйым дегені тіпті масқара ғой. Мен жастардың келуіне тыйым салу қажет деген жоқпын. Бұл — әркімнің конституциялық құқығы. Мен ауыл жастарын қалаға көшуге мәжбүр етпеу үшін оларға жағдай жасаған жөн дедім. Мәдени мәселелерді шешіп, жалақысы жақсы жұмыс беру керек, жақсы инфрақұрылым жасау керек", — деді экс-депутат.

Ал енді оның жаңа қызметке келіп жатқанын жоғарыда айттық. Қайталап айтсақ, ол Кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы (КӘАҚҚ РОШ) бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болды.

Мен сол зейнеткерлікте қаламын. Бұл құрылым (КӘАҚҚ РОШ) — жекеменшік ұйым. Үш жыл бұрын нарыққа көшкен. Оның өзінің әкімшілігі, басшылары бар. Менікі кеңес беру жұмыстары. Мемлекеттік қызметке де, әскери құрылымға да оның еш қатысы жоқ,

деді Владимир Божко жаңа қызметі туралы.

Айта кетейік, КӘАҚҚ РОШ — тау-кен және мұнай өндірісінде құтқару операцияларын жүргізу қызметтерін көрсететін құрылым. Өрт сөндірумен және төтенше жағдайлардың алдын алумен айналысады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров