Қазақстан

Алакөлге 4 сағатта 37 вагонға билет сатып алынған

Экспресс К

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Алакөлге санаулы уақыттың ішінде қыруар пойыз билеттері сатып алынған. Енді көбі алыпсатарлардың қолында болуы мүмкін.

Бұл көлге дейін 300 шақырымды жолсызбен жүруге тура келеді, деп хабарлайды ЭК "Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап.

Ал оған жақын орналасқан екі әуежай жөндеуге жабылған. Сондықтан да жол азабын тартқысы келмейтіндер Алакөлге пойызбен ғана бара алады. Оның үстіне билеттің жоқтығынан жұрттың қонақ үйлерге жасап қойған броньдары күйіп кеткелі тұр.

20 шілдеге сатылым 6 маусымда түнгі сағат 12-де ашылды. Мен таңғы сағат 4-те оянсам, билет жоқ екен. 4 сағатта 37 вагонның билеті сатылып кетті деген не сұмдық?

дейді Алматы қаласының тұрғыны Ирина Тупиченко.

Қазір Алакөлге екі пойыз ғана жүреді. Олардың бірі Өскеменнен 1 маусымда шыға бастады. Ал айдың соңында Нұр-Сұлтаннан жаңа бағыт ашылмақ.

Сондай-ақ, қазір елімізде КТЖ-ның шамамен 300 кассасы ғана бар екен. Ал жекеменшік кассалардың саны — 4500. Тасымалдаушылар мәселенің мәні осында дегенге меңзеп отыр. Өйткені олар жекеменшік билет кассаларының жұмысын бақылай алмайды.

Көлік комитетіндегілер Алакөлге қатысты жағдайдың күрделі екенін, бұның жылда қайталанатынын мойындайды.

"Екі пойыздың билеттері расымен де жетпейді. Бұл қолдан жасалып отырған жоқ. Жағдай солай болып тұр. Сондықтан Көлік комитеті жаңа пойызды жолға шығаруға қатысты жұмыс жүргізді. 10 вагоны бар жаңа пойыз осы жылы 18 маусымнан бастап аптасына үш рет жүреді", — деді ИИДМ Көлік комитетінің бас сарапшысы Серік Төлепов.

Сондай-ақ, түйткілді шешу үшін 1 шілдеден бастап электрондық билет сатудың жаңа жүйесі енгізілмек. Онда бос билеттер туралы ақпарат бірден шықпайды. Осы жүйені жасаушылардың айтуынша, бұл арқылы алыпсатарлардың жолын бөгеуге болады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров