Жастық шақта жалында!

Экспресс К

Алексей Пименовтың фотосуреті 

ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының жас қызметкерлері өндірістік көрсеткіштерімен қоса, жеке таланттарымен таңғалдырады, деп жазады ЭК.

Нұркен Айтекешов — комбинаттың тау-кен көлік тасымалдау цехында жұмыстарды үлестіру қызметінің маманы. Ол уақытын итальяндық "Pomodora" тәсіліне сүйене отырып жоспарлайды. Әр бастамасында нәтижеге қол жеткізуді көздейді.

Нұркен бала күнінен автокөліктерге қызығып, сурет салып, спортты жаны сүйетін. Арманы — құтқарушы болу еді. Әйтсе де, кенді өлкеде туған жігіт ержете келе өндіріс саласын таңдаған және бұған еш өкінбейтінін айтады. Оның айтуынша, жетістікке кез-келген ортада жетуге болады.

Алексей Пименовтың фотосуретіАлексей Пименовтың фотосуреті
Алексей Пименовтың фотосуреті

— Шын мәнінде әр ісіңді сүйсініп істесең, өзіңді бақытты сезінесің, — деп бастады әңгімесін.

Нұркен тау-кен көлік тасымалдау цехына жұмысқа тұрған күнненбастап-ақ, 130 тонналық БелАЗ техникаларын жөндеуге кіріскен еді. Себебі еңбек жолын слесірліктен бастаған болатын. Мұнда жұмыс істеп жатқанына екі жылдай болып қалды. Қазіргі таңда жауапты қызметте. Өндіріс алаңдарына бағытталатын әр техниканың жай-жапсарын, жағдайын мониторға тіркеп отырады.

— Алып техникаларды көргенімде, "мен мұның барлығын қалай жөндеймін. Көліктің істен шыққан жерлерін қате жөндеп, карьерлерде жол-жөнекей сынып қалса қайтпекпін. Бұл менің қолымнан келмес" деген ой келді алғашқыда. Бірақ, маған Әмірхан Нанбаев,Жетен Бақтыбаев деген мықты мамандар тәлімгерлік етті. Олар маған техниканың тілін үйретті. Қазірдекез-келген көлікті визуалды түрде диагнозын шамамен біліп тұрамын. Әзірге өз көлігім жоқ. Болашақта алып жатсам, үйренгендерімді өзім үшін пайдаланамын, — деді Нұркен сөз арасында жымиып.

Алексей Пименовтың фотосуретіАлексей Пименовтың фотосуреті
Алексей Пименовтың фотосуреті

Ол өндірістегі қызметін мақтаныш санайды, келешекте өзін өндірістік жетекшілердің қатарынан көргісі келеді.

— Мен үлкен нәрселерді армандаймын және соған қол жеткізетініме сенімдімін. Қазіргі менің маңызды уақытым, жастық шағым өндірісте өтіп жатыр. Бұл жолда жұмсалып жатқан алтын уақытымды тиімді пайдаланғым келеді. Біз секілді жастардың дамуына комбинатта мүмкіндік көп. Пайдалана білу керек, — дейді ол.

Студенттік кезінен Дөң тау-кен байыту комбинаты Жастар кеңесінің қатарында жүріп, кез-келген шараларға қатысып, оқумен бірге мұның барлығына үлгеріп жүрді. Қазір де дәл солай.

Білім мен тәжірибені ұштастыра білетін жігітті өзі оқыған Хромтау тау-кен техникалық колледжі оқытушы ретінде шақырғанын білдік. Бұған да үлгеріп жүр. Өзінің мамандығы "техникалық қызмет көрсету және автомобильді транспорт жөндеу эксплуатациясы" бойынша студенттерге сабақ береді.

Жұмыстан тыс уақытында Нұркен спортпен, оның ішінде еркін күреспен шұғылданады. Цехаралық сайыстарда талай рет бақ сынасып келген. Одан бөлек, сурет салғанды ұнатады. Кез-келген тақырыпта салынған 200-ден аса туындылары да бар. Олардың көбі — көлік маркалары мен портреттер. Сонымен қоса, кітапты көп оқиды.

"Өз уақытымды тиімді өткізу үшін итальяндық "Pomodora" техникасын қолданамын. Осы техника өзіме қатты ұнайды. Яғни, әр күнге кесте құру арқылы айналысатын ісімді өнімді етіп жүргіземін. Осының арқасында спорт пен сурет салудан басқа, кітап оқуға да уақыт тауып жүрмін. Өзім психология-мотивациялық шығармаларды орыс және қазақ тілінде оқығанды жақсы көремін. Соңғы оқыған кітабым — Қуаныш Шонбайдың "Екінші болма" кітабы. Болашақта кәсіпті де бастап көру үшін біраз мотивация мен білім жинап жатырмын, — дейді Нұркен.

Кәсіпорында арман-мақсаты айқын, еңбекті сүйетін, жұмыспен шектеліп қана қоймай, өзге салаларды қамтып жүрген алғыр жастардың қатары артып келеді. Өндіріс үшін өздерін шыңдап жүрген Нұркен сияқты жастар барда, комбинаттың одан әрі түлейтіні сөзсіз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров